Меңдіқаралықтар қазандықты жаңа әдіспен жылытуды қолға алып жатыр

Меңдіқаралықтар қазандықты жаңа әдіспен жылытуды қолға алып жатыр

Меңдіқара ауданындағы орталық қазандық қайта жаңғыртылады. Былтыр пәтерлердегі жылу температурасының төмендігіне тұрғындардан шағым түскен. Өйткені, бұл қазандықтар мемлекеттік мекемелермен бірге орталықтағы 16 көп қабатты тұрғын үйді жылытып келген. Қазір жобалық-құндық құжаттама әзірлеу үшін 22 млн теңге бөлінген. Аудандағы бұдан бөлек атқарылатын жұмыстар жайлы Меңдіқара ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Николай Гулаков баяндап берді.

– Жобалық-құндық құжаттама дайын болған соң, келер жылы жаңғыртуға қаржы бөлінеді. Орталық қазандықты толығымен өзгерткіміз келеді. Яғни, блоктық-модульдік қазандықтар орнатамыз. Барлығы 5 қазандық болады, оның үшеуі пайдалануда болса, қалған екеуі қосымша. Бір қазандықты көмірден бөлек, сабан және жағуға жарамды қоқыс жағуды көздеп отырмыз. Яғни, көктем, күз мезгілінде осы әдісті қолдануға болады. Күн қатты суымай тұрғанда, үйлерге қалыпты температура беруге қауқары жетеді. Сабан текке қалады, мал да жемейді. Майлы дақыл болғандықтан жанғанда қызуы мол болады. Жанатын қоқыстарды да пайлалана береміз. Бұл бір жағынан ауданды қоқыстан арылтуға өз септігін тигізеді, – дейді Николай Гулаков.

Боровскойдағы “Балауса” және “Жас әлем” балабақшаларының қазандықтары да нысан сыртына шығарылады. Блоктық-модульдік қазандық орнатуға 72 млн теңге бөлінген. Байқау осы жылы жарияланады. Бұл туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Жаңалықтармен бөлісу