Меңдіқарада жеке клиника ашыла ма?

Меңдіқарада жеке клиника ашыла ма?

Қайрат Нұржан Меңдіқарадағы жалғыз тіс дәрігері. Осы жылдың тамыз айында Шымкент қаласынан келген. Қостанайда бірінші рет болып тұрғанын айтады.

“Шымкентте мамандар көп болғанымен, жұмыс жоқ. Сосын осы солтүстіктен орын іздедім. Біріншіден бұл жер қалаға жақын. Екіншіден демалыс орындары болғасын осы жерді тандадым”, – дейді жас маман.

Ол өз таңдауына ешқашан өкінген емес. Бастарына үй берілді. Келіншегі мұғалім болып мектепке жұмысқа орналасты. Балалары балабақшаға барады.

“Әрі қарай болашақта қалғанын көре жатармыз. Бізде барлығы бар, жетеді. Жағдайымызды мемлекет жасап отырады. Тек жұмыс істеуіміз қажет”, – дейді Қайрат Нұржан.

Келісім бойынша жас мамандар осында 7 жыл істеуі керек.

Пациенттер көбіне тіс жұлғызып, емдетумен келетіні түсінікті.

“Ең әуелі, диагнозға қарап емдейміз. Дәрігерге үнемі көрініп тұру қажет. Кем дегенде алты ай сайын ауруды алдын алу үшін тексеріліп тұру маңызды. Әрдайым гигиена сақтау керек. Судың ластығы тіске қатты әсер етеді, кейін қауіпті дақтар пайда болады”, – дейді маман.

Маманның келгеніне көп бола қоймағандықтан, қазір аудан халқы тіс дәрігері бар екенін біле бермейді. Әзірге халық та көп емес. Маман клиника ашуға әрекет жасап жатқанын да тілге тиек етті. Бірақ әзірге қымбатқа шығып тұрған жайы бар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу