Меңдіқарада сүт-тауар фермасы қолға алынды, құрғақ бие сүті өндіріле бастады

Меңдіқарада сүт-тауар фермасы қолға алынды, құрғақ бие сүті өндіріле бастады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жыл сайын кемінде 10 сүт-тауар фермасы салынатын болады. Биыл біз 7 ферманың құрылысын бастадық. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Меңдіқара ауданына жасаған сапарында айтты.

Мәселен, Степановка ауылында жылына 9 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасын салуды қолға алған “Восток-1” ЖШС нысанды келесі жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл 50 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Ал “S-Agro-Borovskoe” ЖШС неміс технологиясы бойынша құрғақ бие сүтін өндіре бастады. Кәсіпкер өндіріс қуатын 40 тонна құрғақ ұнтаққа дейін арттыруды көздеп отыр.

 “Сапа жағынан саумалдың пайдалы көрсеткіштері көбірек болады. Бұл бірегей жоба бір жылда іске асырылды. Болашақта өндірісте мыңға дейін бие сауылатын болады. “, – дейді әкім.

Негізі кәсіпорын былтыр қолға алынған. Түпкі бағыты – сублимация арқылы неміс технологиясы бойынша құрғақ бие сүтін өндіру.

“Алдағы уақытта неміс компаниясы Zollmann Stutenmilch GmbH технологиясымен бірігіп, косметология, балалар, спорттық тағамдарды шығаратын боламыз. Бізде 15 мың гектардан астам жайылым, 1000-нан астам Көшім жылқысының тұқымы бар. Осы бірінші кезеңде өндірістік цехты, әкімшілік ғимаратты, БӨП ғимаратын пайдалануға беру жүзеге асырылды. Салқындатқыш танктер, пастеризатор, 100 литрлік сублиматор, сауу жүйесі іске қосылды. Болашақта өнімді өндіру қуатын жылына 40 тоннаға дейін арттыруды, 150 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны-10 млрд теңге. 400 ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының жобасын ұсынғымыз келеді”, – дейді S-Agro-Borovskoe” ЖШС директоры Мейрам Ахметжанов. Жобаның өндірістік қуаты жылына 4 500 000 литр сүтті құрайды. Учаскенің ауданы он гектарға жуық.

“Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда. Түркия өндірісінің “Atlantis” айналмалы әрекетті бүрку жүйелерін орнату арқылы егіннің 2,5 есе өсуін пысықтаймыз. Бастапқы кезеңде суару алаңы 505 гектар болады. Инвестициялардың жалпы сомасы 610 млн теңгені құрайды. Басқа жер үсті суару жүйелерімен салыстырғанда дөңгелек типті жаңбырлатып суару жүйесінің артықшылығы көп”, – дейді серіктестік басшысы.

Салыстырмалы түрде су ресурстарын пайдалану коэффициенті 90-95-ке жетеді. Дәл қазіргі кезеңде бұл көрсеткіш 35-50% – ға аз. Оны қол жетпейтін жерлерде қолдану анағұрлым қолайлы. Демек, суды, тыңайтқыштарды тамыр аймағына тікелей жіберуге болады деген сөз. Ең аз су ресурстарын жұмсап, максималды нәтижеге оңай қол жеткізуге болады. Пайдаланудың қарапайымдылығы, басқару элементтері қарапайым және сенімді, бақылау пунктінен қамтамасыз етіледі, осы жүйелерді пайдалану жұмыс мөлшерін әлдеқайда жеңілдетеді.

Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу