Түнде белгісіз азамат Меңдіқара ауданы Харьков ауылындағы қоршалған жеке үйдің аумағына кіріп, есігі жабылмаған «Газель» көлігінен ақшасы бар барсетканы ұрлап кеткен. Сөмкеде 1,4 млн теңге ақша болған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құқық қорғау органдары осы ауылдың 22 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Жеке тінту кезінде күдіктіден ұрланған барлық ақша тәркіленді.
Тұрғын үй-жайға кіре отырып жасалған ұрлық фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізді. Іс сотқа жолданды.
Кінәлі деп танылған жағдайда күдіктіге мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін.