Меңдіқара елінде Қарамақы би бабамыздың есімін иеленген мешіт ашылды

Меңдіқара елінде Қарамақы би бабамыздың есімін иеленген мешіт ашылды

Ғибадат ордасын салған құрылыс саласының үздігі, осы өңірдің тумасы, “KBS” компаниясының басшысы Бауыржан Қарамақин. Баукең Қарамақы бидің бесінші ұрпағы, Қостанай шаһарында зәулім үйлер, атап айтқанда «Меңдіқара» тұрғын үй кешенін салып бергенін ел біледі. Былтырғы ел басына күн туып, Аманқарағай орманы өртенген кезде үйсіз-күйсіз қалған адамдарға алғашқылардың бірі болып 16 баспана көтеріп бергенін еш ұмытпаймыз. Оның сыртында жетім-жесірлерге, тұрмысы төмен отбасыларға, облыстық мешітімізге қайырымдылық жасап, меценаттық көрсетіп жүрген сақи.

«Қарамақы би» мешіті 300 адам құлшылық етуге арналып отыр. Мешіт жанынан 300 орындық асхана жұмыс істейді. Ең бастысы, рухани-мәдени орталық қоса салынды. Бұл облысымыз бойынша бой көтерген 4-ші діни сауат ашу орталығы: оның ішінде 14 шәкіртке арналған жатын бөлмелері, жолаушыларға арналған қонақ бөлмесі бар. Мешіттің сыртында имамның пәтері де назардан тыс қалмаған.

Ғибадат ордасының аумағы түгел газбен жылытылады. Бұған қоса, дүниеден өткен мұсылманның тазалығы үшін мәйітхана салыныпты.

Алла үйі аумағының барлық құрылысы небары үш жарым айда бой көтеріп отыр.

Мұсылман жамағаты асыға күткен қуанышымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді, көпшілікке батасын беріп, алғашқы жұма намазын атқарды.

Мұндай іс Алланың қалауымен, көптің тілеуімен, аймағымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет Нұрғабылұлы қажының ұйымдастыра білуімен, имамдарымыздың қолдауымен, кәсіпкерлеріміздің жәрдемімен бітетін шаруа.

Орман-тоғайға, өзен-көлге бай, ауасы шипа, жері кең өлкеге оңтүстік, орталық, шығыс, батыстан, қиыр жайлап шет қонған алыс-жақын мемлекеттердегі ағайын көшіп келіп, ел боламын деген ниеті болса, Меңдіқара жұрты құшағын ашып отыр. Жерімізді, мешітімізді толтыратын қандастарымыздың көші тоқтамасын!

 

Қыдырбек Қиысханұлы

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

 

Жаңалықтармен бөлісу