Рәміздер күні қарсаңында Қостанай қаласына сәулетші, ҚР Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Барыс» ордендерінің иегері, көрнекті тұлға Жандарбек Мәлібеков арнайы келді.
Әйгілі сәулет өнерінің шебері Тобыл-Торғай өңіріндегі сапарын Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясынан бастады. Құрметті мейманның келуіне байланысты академияда салтанатты жиын ұйымдастырылып, курсанттар мен офицерлер оны зор ықыласпен қарсы алды.
Академия алаңында сап түзеген жас сарбаздар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, Құрмет қарауылы Елтаңбаны салтанатты түрде алып шықты. Академия бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәрменов сөз сөйлеп, мәртебелі қонаққа алғысын білдіріп, оның академияға келген сапасының маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін – біз үшін айрықша күн. Себебі, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлын академия қабырғасында қарсы алып, құрмет көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің қолыңыздан шыққан Елтаңба – ұлтымыздың тарихы мен руханиятының, мәдениеті мен болмысының айшықты бейнесі. Бұл – егемендігіміздің, бірлігіміз бен мақтанышымыздың нышаны. Сіздің осы бағыттағы еңбегіңіз – ұрпаққа үлгі боларлық баға жетпес мұра. Қостанай академиясының ұжымы атынан Сізге зор алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті академия бастығы.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табұл кездесудің тек тарихи тұлғамен жүздесу ғана емес, елдік сана мен патриоттық рухты арттыратын маңызды іс-шара екенін айтты.
«Қасиетті Қостанай топырағында еліміз үшін ерекше орны бар тұлғаны қарсы алу – біз үшін зор мәртебе әрі тарихи мәні терең оқиға. Бұл күн – еліміздің әр өңірінен келген озат курсанттар үшін де ерекше, ұмытылмас сәт болмақ. Қазақстанның қауіпсіздігіне қызмет етуге бел буған жас буын үшін бұл кездесудің мәні мен тәрбиелік мазмұны өте зор. Мемлекеттік Елтаңбамыз – тек нышан емес. Ол – ұлтымыздың рухы, кең байтақ жеріміздің біртұтастығы, Тәуелсіздік жолындағы күресіміздің көрінісі. Елтаңбадағы әрбір элемент – ата-бабаларымыздың аманаты, болашақ ұрпаққа арналған сенім мен үміттің белгісі. Бүгінгі жастармен, құқық қорғау саласының болашақ өкілдерімен өткен бұл жүздесу – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттырып, Отанға, заңға және халқыңа адал қызмет етуге деген серттің символы. Сіз жасаған Елтаңба – Мәңгілік Ел идеясын асқақтатар рухани тұғыр. Ұлт рухын ұлықтаған еңбегіңіз ел жадында мәңгілік сақталады», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиында сөз алған Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаның идеялық мазмұны, тарихи тамыры мен көркемдік ерекшелігі жайында кеңінен тоқталды. Ол жас ұрпақты мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, елдік нышандарды қадірлеуге шақырды.
«Жергілікті билік өкілдеріне және халыққа құрмет көрсетіп, арнайы шақырып отырғандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Бүгінгі жас сарбаздар — ел тағдырын арқалайтын болашақ иелері. Ата-бабамыз аңсаған, Алаш арыстары армандаған тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын! Өңірлеріңіз өркендеп, еліміз гүлдене берсін. Ол үшін жастар білімді, саналы, елжанды болуы қажет. Білім мен еңбек жолында аянбай тер төгіп, ел мүддесі үшін қызмет етіңіздер», – деді Жандарбек Мәлібеков.
Мейірлан Болат — академияның курсанты. Ол салтанатты рәсімде Мемлекеттік Елтаңбаны алып шығу мәртебесіне ие болды.
«Жандарбек Мәлібекұлының есімін мектеп қабырғасынан бастап біліп өстік. Бүгінде сондай ірі тұлғаның қатысуымен өткен жиында Елтаңбаны алып шығу мүмкіндігіне ие болғаныма ерекше қуаныштымын. Мемлекеттік рәміздер — барша қазақстандықтың қастерлеуге тиіс қазынасы деп білемін. Бұл маңызды шараға шамамен бір ай көлемінде дайындалдық. Барлығы жоғары деңгейде өтті», – деп бөлісті Мейірлан Болат.
Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы оқу орнының академия мұражайын аралап, білім ордасының тарихымен танысты. Іс-шара барысында курсанттар мен оқытушылар қадірлі қонаққа көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, Мемлекеттік Елтаңбаның шығу тарихына қатысты тың мағлұматтар алды.
Кейін құрметті мейман Ыбырай Алтынсарин атындағы музейге арнайы барып, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Іс-шараны жүргізген музей директоры Марғұлан Оспанов Жандарбек Мәлібекұлының тұлғалық болмысын жан-жақты таныстырып, сәулет өнеріндегі шеберлігіне ерекше тоқталды. Шынында да, Жандарбек Мәлібекұлы – қазақтың байырғы сәулет дәстүрін терең меңгерген, әлемнің бірнеше елінде елеулі жобаларға атсалысқан көрнекті архитектор. Ол Әндіжан қаласындағы әуежай, Ташкенттегі Үкімет қонақ үйі, Ферғанадағы облыстық әкімшілік ғимараты, драма театры мен орталық кітапхана секілді ірі нысандардың жобасына қатысқан. Сонымен қатар, Ангрен, Ферғана және Самарқан қалаларындағы бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылысын да жобалауға атсалысқан.
«Біз қазақ халқының терең тарихын тастағы таңбалардан танып келеміз. Қазақ — таңбалы халық. Үш жүздің құрамындағы әрбір тайпаның өзіне тән таңбасы болған, олардың әрқайсысының өзіндік мағынасы мен тарихы бар. Қазіргі таңда мемлекетті қойып, әрбір елді мекен мен кәсіптік ұйымдардың да өз логотипі, айырым белгісі бар. Мысалы, біздің өңірде орналасқан Торғай геоглифтерін Тобыл-Торғай даласының тарихи таңбасы деп мақтанышпен айтуға болады. Ал бүкіл еліміздің нышаны – Мемлекеттік Елтаңбаны жасаған Жандарбек Мәлібекұлын және Ұлттық дизайн академиясының академигі Байқоңыр Ижановты Ыбырай музейінде қарсы алып, кездескенімізге өте қуаныштымыз», – деді музей директоры Марғұлан Оспанов.
Музей қабырғасында өткен тағылымды кездесуде сәулетші, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков Елтаңба идеясының пайда болу тарихы мен оның әрбір элементіне берілген терең мағыналар туралы кеңінен әңгімеледі.
Зиялы қауым өкілдерімен еркін сұхбат құрған сәулетші мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігінің айқын көрінісі, ұлттық болмыс пен болашаққа деген сенімнің көркем бейнесі екенін ерекше атап өтті.
Белгілі ақын, жазушы, драматург, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері Ақылбек Шаяхмет бұл кездесудің тәрбиелік маңызы зор екенін айтып, өз әсерімен бөлісті:
«Белгілі қайраткер, Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібекұлымен жүздесу – қостанайлықтар үшін де, өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін де өте құнды. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин қалай мемлекеттік тілдің негізін қалап кеткен болса, бүгінгі таңда әрбір мекемеде асқақтап тұрған Елтаңба – біздің егемендігіміздің айғағы. Елтаңбадағы әрбір белгі – қазақ халқының рухын, мемлекеттілігін айшықтайтын қасиетті нышан. Осындай мағынасы терең дүниені жүрегімен сезініп, ұзақ толғаныстан соң дүниеге әкелген ағамызға бүкіл ел атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Елтаңба – елдігіміздің символы, болашағымызға деген сенімнің нышаны».
Музейдегі кездесу тағылымды әрі мазмұнды өтті. Ұлттық өнер мен мәдениеттің, тарихи сабақтастықтың маңыздылығы жайлы терең ойлар ортаға салынған пікір алмасу болды.
Қонақтардың сапарының екінші күнінде Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілерімен кездесу ұйымдастырылды. Бұл күні рәміздерді дұрыс пайдалану, яғни оларды орнату, орналастыру және насихаттау бойынша арнайы семинар өткізілді.
Семинар барысында мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы, қазіргі қолданыс жағдайы, оларды өндіру мен сапасын бақылау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар тәжірибе алмасып, маңызды ұсыныстарын жеткізді.
«Бұл бағытта облыста нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атқарылған іс-шаралар өз жемісін береді деп сенеміз», – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.
Семинарда облыстағы Мемлекеттік рәміздерді өндіретін жеке кәсіпкер Жандос Тынымбаев өз ұсынысын білдірді.
«Мемлекеттік рәміздерді дайындауда сапа мен барлық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлеміз. Ең бастысы – тапсырыс беруші техникалық сипаттаманы дұрыс толтырып жіберуі қажет. Өйткені, кейде дұрыс толтырылмаған құжаттардың салдарынан біздің атымызға жағымсыз пікірлер айтылған сәттер болды. Біз жұмысымызды тек сол құжат негізінде жүргіземіз және оған ешқандай өзгертулер енгізбейміз. Қазіргі технологиялар өте дамыған, автоматтандырылған құрылғылармен жұмыс істейміз. Бұл бізге өнімнің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді кәсіпкер Жандос Тынымбаев.
Техникалық реттеу және метрология комитеті мемлекеттік рәміздерге қатысты мемлекеттік бақылауды тұрақты түрде жүргізеді. Қандай да бір кемшілік анықталса, тиісті түзету енгізу үшін ескертпе беріледі.
«Жыл сайын белгіленген кестеге сай рәміздерді қолдану бойынша стандарттарды түсіндіру және мониторинг жүргізу жұмыстарын жүзеге асырамыз. Біздің ведомствода 988 стандарт бекітілген. Өндірушілердің техникалық жабдығының болуы, лицензияларының бар-жоғы тексеріледі. Сонымен қатар, сызықтар мен өлшемдерге, түсі мен сапасына қойылатын талаптар қатаң бақыланады. Мемлекеттік Елтаңбаның сапасына жауапкершілікпен қоса, стандарт талаптарын да өндірушілер сақтауға міндетті», – дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысы Нұргүл Шодорова.
Егер мемлекеттік рәміздерді дайындау стандарт талаптарына сәйкес келмесе, 20-дан 900 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, талаптарды бұзу немесе бекітілген мәтінді өзгертуге жол берілмейді, өйткені кейбір мекемелерде бұл талаптар әлі де сақталмайды.
Осыған байланысты, семинарда мемлекеттік рәміздерге қатысты біркелкі талаптарды қамтитын жадынаманы басып шығару қажеттігі атап өтілді.
Жалпы, құрметті қонақтардың бұл іссапары Қостанай облысының рухани және мәдени өміріне үлкен үлес болып, маңызды оқиғаға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін жасаған тұлғаның өңірге келуі – жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру, рухани сабақтастық пен ұлттық сана-сезімді нығайту жолындағы маңызды шара деп бағалауға болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК