Тобыл қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық спартакиада ойындары өтті. Биылғы іс-шараның ауқымы кеңейіп, 35 команда спорттың тоғыз түрінен сайысқа түсті.
Жанкелдин ауданының волейбол құрамасы жылда жүлдеден үмітті.
“Өзімізді қағаздан бас алмайтын қызметкер ретінде ғана емес, спорттық қабілетіміз бар екенін жыл сайын байқатып келеміз. Былтыр командамыз екінші орыннан көрінді. Биыл, міне, жартылай финалда өнер көрсетуге шыққалы отырмыз. Әріптестермен жақынырақ танысуға бұл жарыстың пайдасы мол”, – дейді Жанкелдин аудандық аппаратының қызметкері Бекзат Нұрпейісов.
Костанай аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Жәнібек Тұрағұл үстел теннисін ойнағанды әуелден ұнатады. Оған дайындықты мектеп қабырғасында, одан Алматыдағы жоғары оқу орнында оқып жүргенінен жалғастырыпты. Қызметке орналасардың алдында арнайы курсқа жазылған. Соның пайдасын бүгін көріп, финалдық бәсекеде жітіқаралық қарсыласынан басым түсті.
Спартакиада ойындарының ең қызығы Затобол стадионында өткенін айта кетейік. Онда футболдан қала әкімінің орынбасары Асан Шектібаев бастаған Лисаков құрамасы мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен кездесіп, ең мықтыны пенальти сериясы арқылы анықтады. Бұған дейін жарыс чемпионы атанған Лисаков құрамасы жеті бірдей командадан басым түсіп, Қарабалық командасына ғана есе жіберіпті. Кейінгі қарымта кездесуде қарсыластарын ұтып, жарыс жеңімпазы атанып отыр.
Дәстүр бойынша командалық есептің жүлдегерлері орын санынан бөлек, кейбір спорт түрлерінде жинаған ұпайларының көрсеткішімен белгілінде. Командалық есепте қамыстылықтар 214 ұпаймен жеңімпаз атанды. 205, 189,5 ұпай жинаған Жітіқаралықтар мен Федоров ауданының мемлекеттік қызметкерлері өзара екінші, үшінші орындарды бөлісті. Жекелей сындарда жеңімпаз командаларға тоқталар болсақ, волейболдан спартакиаданың бас жүлдесі қамтылықтарға бұйырды. Жүзу мен шағын футболдан Лисаков қаласының ұжымы үздік деп танылды.
Федоров ауданынан келген команда арқан тартудан есе жібірген жоқ. Жанкелдин ауданнының ұжымы қазақ күресі мен гір көтеруден бірінші орын алды. Майлин ауданының ұжымы жеңіл атлетикадан, аманкелділіктер тоғызқұмалақтан озды. Үстел теннисінен үздік деп танылған облыстық кірістер департаментінің өкілдері.
Айбек Ғалымұлы