24 мая, 2025
Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиада басталды

Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиада басталды

Бұл жарыс маусым айына дейін жалғаспақ. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиада Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың Бірыңғай өңірлік күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылуда.
Спартакиаданың басты мақсаты – мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, корпоративтік рухты нығайту. Спорттық жарыстар арқылы билік өкілдері мемлекеттік қызметтің беделін арттыруды, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасауды, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара байланысты күшейтуді көздейді.

Биыл жарыстар төрт жерде Қостанай, Лисаков, Тобыл қалалары мен Әулиекөл ауданында өтуде. Бағдарламада тоғыз спорт түрі қамтылған. Атап айтқанда, мини-футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, қазақ күресі, арқан тарту және 3х3 баскетбол спорт түрлерін қамтиды.

«Әр спорт түрінің өз ерекшелігі бар. Мысалы, мини-футболда 12 адамнан тұратын командалар Тобылда 30 мамыр мен 1 маусым аралығында жүлделі орындар үшін бақ сынайды. Волейболшылар 12–13 мамырда Қостанайда кездеседі. Әр команданың алаңда міндетті түрде екі әйел ойыншысы болуы тиіс. Арқан тарту жарысы 17–18 мамырда Лисаков қаласында өтеді. Онда да командалар құрамында екі әйел болуы керек. Тоғызқұмалақ пен шахмат жарыстары швейцарлық жүйе бойынша өтеді», – деп түсіндіреді облыстық дене шынықтыру және спонрт басқармасының баспасөз қызметі.

Мұнда әр қатысушының жеке нәтижесі командалық есепке әсер етеді. Жүзу сайысы 18 мамырда Қостанайда ұйымдастырылады, ал қазақ күресіне жанкүйерлер 23–24 мамырда Әулиекөлде жиналады. Спартакиада заманауи форматтарды да қамтиды – мысалы, жастар арасында кең тараған және Олимпиада ойындарына енгізілген 3х3 баскетбол форматы.

Жарыстарға тек дәрігерден анықтама алған немесе жеке жауапкершілік туралы қолхатқа қол қойған саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер ғана қатыса алады. Бір елді мекенде орналасқан мекемелердің біріккен командаларына рұқсат беріледі.

Спартакиада – жай ғана жарыс емес, ведомстволар арасындағы байланысты нығайтатын және ішкі командалық әлеуетті арттыратын алаң. Мұндай іс-шаралар қоғамға үлгі бола алатын белсенді, жауапты әрі дені сау мемлекеттік қызметкерлер қауымдастығын қалыптастырады.