Мемлекеттік қызметке келемін деген адамның рухани құндылығын анықтау бойынша тестілеу енігізіледі. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметке іріктеуді онлайн жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған байланысты қызметке кіретін азамат бірінші кезеңде прокторинг бағдарламасымен тест тапсырады, одан кейін құзыреті мен қабылетіне анықтайтын тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, біз тағы бір тест енгізіп отырмыз. Ол – әр мемлекеттік қызметке келемін деген адамның рухани құндылығын анықтау бойынша тест. Бұлардың барлығы онлайн форматта қолжетімді болады. Азамат үйінде отырып-ақ, емтихандарды тапсырады. Ал біз әр кезең бойынша балл қойып отырамыз. Соңында сол ұпайлардың жиынтығы бойынша кім көп балл жинады, сол бос лауазымға тағайындалады», – деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл мемқызметшілерге жиі біліктілігін жетілдіру мүмкіндігін ұсыну қажет екенін айтып, ұсыныс білдірген болатын.
Қоса кетсек, енді мемлекеттік қызметке орналасуда қазақ тілін білу талабы енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке орналасу тесті алдағы уақытта 9 емес, 4 заң бойынша алынады.