Мемлекет және қоғам қайраткері  әйелдер күштері альянсының жұмысына оң баға берді

Мемлекет және қоғам қайраткері  әйелдер күштері альянсының жұмысына оң баға берді

Қостанай облысы әйелдер күштері альянсының өкілдері мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова мен ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечинамен кездесті.

Бірғаным Сарықызы бүгінде әйелдер қауымы отбасының ғана емес, елдің тірегіне айналғанын айтты. Десе де ана болу – басты міндет екенін қаперге салды. Қостанайлық ханымдардың атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.

Басқосуды Қостанай облысының әйелдер күштері альянсының төрағасы Римма Бектұрғанова ашып, атқарылған жұмыстардың бір парасымен таныстыра отырып, қостанайлық ханымдардың әрбір істе белсенді екенін атап өтті.

“Қостанай облысының әйелдері басқа аймақтармен салыстырғанда белсенді. Осыдан бес жыл бұрын әйелдер күштері альянсы құрылды. 20 клуб көшбасшылары бар. Міне, содан бері гендерлік теңдік, отбасы, көп балалы аналар және өзге де әлеуметтік мәселелерді көтеріп келеді. Оның сыртынша көшбасшы мектептері құрылды. Соның аясында ауқымды кездесулер мен алқалы жиындар өткізуде. Қостанай облысы бойынша мемлекеттік қызметте әйелдердің үлес салмағы 65 пайыз”, – дейді Римма Шыңғысқызы.

Жалпы Қостанай облысы бойынша Алтынсарин, Қостанай қаласы, Федоров ауданында көшбасшы әйелдер клубының жұмысын ерекше атап өтуге болады.

 

Келген қонақтарға аталған аудан-қалалардың ұйымдарын басқарып жүрген нәзік жандар жұмыстарымен таныстырды.

“Біздің клуб 2017 жылы құрылған. Содан бері белсенді қызмет атқарып келеді. Алтынсарин ауданында әйелдеріміз мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару органдарында кеңінен өкілдік етеді: аудандық мәслихат депутаттарының құрамында 4 әйел бар, бұл жалпы депутаттық корпустың 40%-ын құрайды, сондай-ақ 2 әйел ауыл әкімі қызметін атқаруда. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қаржы саласында, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде және басқа да салаларда әйелдеріміз ауданды дамытуға елеулі үлес қосуда. Сонымен қатар, әйелдеріміз бизнесте және қызмет көрсету саласында белсенді. Жалпы, ауыл әйелдері – біздің қазіргі қоғамның ықпалды күші, – дейді Алтынсарин ауданындағы көшбасшы әйелдер клубының төрағасы Ботагөз Бидәулетова.

Бірғаным Сарықызы егемендіктің елең-алаңында қазақ қыздарының арасында алғаш болып саясат майданына араласып, тұңғыш қазақ жобаларын қабылдауға үлес қосқан. Шағын ғана ауылда ағылшын тілі маманы болды, ел аманатын арқалап елші болды. Ол Оралда туып, Нью-Иоркте жұмыс істеді.

“Әйелдер ер адамдардың теңдігі, бірдей сайысқа түсуін қошеметтеймін қолдаймын. Скандиария елінде квотамен жұмыс істейді. Премьердің орынбасары да әйел адамдар, Үкімет мүшелерінің тең жартысы нәзік жандар болып жатса, өздерінің елдерін қалыптасқан тәртіп сонда. Ал біздің елде квота болмаса да әйел қауымы мықты. Қолдарынан бәрі келеді. Асқан жауапкершілікпен жұмыс атқарады. Үлкен жауапкершілікпен жұмысты сеніп тапсыруға болады. Ерлермен иық тіресіп қызмет атқаратын кез келді”, – деді Бірғаным Әйтімова.

Кезінде албырт кезінде саяси жұмысқа араласамын деген амбициясы болмаған. Ол шағын ғана ауылда мектеп оқушыларына ағылшын тілінен сабақ берді, тұрмыс құрды. Кеңес кезінде Орал қаласында жалғыз қазақ мектебіне оқуға барды.

Еркін форматта өткен кездесуде мемлекеттік қызметте жүрген қос ханым өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, соңында биыл әйелдердің саяси көшбасы мектебін аяқтаған бірқатар қыз-келіншектерге арнайы сертификаттар табыс етілді.

Кездесу барысында нәзік жандардың өздерін толғандырып жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу