Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде әр жылғы құрылтайларда көтерілген мәселелерге шолу жасай өтті.
«Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті», – деді Президент.
Ол бұдан бөлек ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымыздың айқындалғанын да тілге тиек етті. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қойла бастағанын алға тартты. Алдағы кейбір мақсат-міндеттерді де айта өтті.
«Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар. Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді, осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
