ҚР Президенті «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын тапсырды

ҚР Президенті «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысу үшін Конгресс-орталығына келді. «Алтын сапа» және «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсіміне қатысушыларды құттықтады.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы әділдік қағидатына негізделуге тиіс екенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселеге назар аударды.

«Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды. Біз биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс. Сондықтан бірқатар маңызды мәселеге назар аудару қажет», –

деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өз Жолдауында айтқан бірқатар мәселелерді орындауды тапсырды.

«Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек. Мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді”, – деді Президент.

Бұл жұмыс Инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді.

“Өздеріңізге белгілі, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды (837-ден 402-ге дейін). Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе қысқарды (416-дан 92-ге дейін).
Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі. Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі”, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сондай-ақ оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді.

“Цифрлық платформаны созбалаңға сала бермей, тез арада құру аса маңызды. Сол арқылы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу процесін нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты барлық шешімі мен шектеу шаралары бойынша «прокурорлық сүзгі» жұмыс істей бастайды. Осылайша, біз инвесторларды негізсіз айыппұлдар мен салықтардан, әділетсіз және ұзаққа созылған сот дауларынан қорғаймыз. Жалпы, бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз”, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде жасанды интеллект жүйесін құру – өз алдына бөлек әрі өте маңызды мәселе. Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты.

“Сондықтан бұл бағытқа өзім жетекшілік етемін және шетелдік, отандық мамандармен кездесемін, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстаймын. ҮШІНШІ. Елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруымыз керек”, – деді Президент.

Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр. Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды.
Бүгінде ірі шикізат өндірушілермен 25 келісім жасалды. Бұдан бөлек, шикізат бағасын арзандату үшін қосымша шаралар қолға алынды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады. Бұл шешім дайын өнім өндіруге және оны сыртқы нарыққа көбірек шығаруға ықпал етеді. Сондай-ақ мыңдаған жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Тағы бір маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруға тиіс.

“Осы саланың импортқа тәуелділігін азайту үшін ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі жалаң цифр емес, бұл – нақты міндеттер. Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді. Мен бұл мәселеге әрдайым баса мән беретінімді білесіздер. Алдымызда тұрған аса маңызды міндет бұл – ауылды жан-жақты дамыту. Себебі, ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынбақ.

“Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталды. Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі. Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралына айналады”, – деді ҚР Президенті.

Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды. Бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етпек. Атап айтқанда, онда фискальды органдарды әкімшілендірудің сервистік моделіне көшіру мәселесі қамтылады.

“Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады.Бизнесті дамытудың қазіргі ынталандыру тетігін сақтай отырып, қосымша қолдау шаралары қабылданады. Түсінікті және болжамды салық саясаты экономикалық өсімге тың серпін береді деп сенемін”, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. – Мемлекет бизнестің барлық түрін дамытуға жол ашып отыр. Аса ірі жобалар да, шағын кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат өзінің қарым-қабілетіне және адал еңбегіне сай табыс табуға тиіс. Сондықтан біз бастамашыл әрі іскер азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз.  Мен осы алқалы жиында басқа да бірқатар маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңіне қадам басты. Адамзат аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Геосаяси текетірес және мемлекеттер арасындағы бақталастық ушығып барады. Осындай құбылмалы кезеңде біз стратегиялық бағдарымызға сай әрекет етуіміз керек”.

Жан-жақты жоспарлап, тиянақты жасалған шаруа ерте ме, кеш пе, жемісін беретіні сөзсіз. Мысалы, біз соңғы жылдары білім беру саласына баса мән беріліп келеді. Нақты шешімдер мен шаралардың арқасында мұғалім мәртебесі әлдеқайда көтерілді. Мектептегі орын тапшылығын жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда.

Биыл жүзге жуық білім ошағы бой көтерді. Қазіргі таңда осындай ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі бар. Атап айтқанда, халықаралық PISA рейтингі бойынша Қазақстандағы орта білімнің сапасы едәуір артты. Басқа да салаларда оң өзгеріс бар. Жақында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл – тарихи белес. Оған бүкіл ел болып қуандық. Халық санының көбеюі мемлекетіміздің дамуына қосымша серпін беріп, елімізге абырой әкелетініне еш күмән жоқ. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – барша жұртымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету.

Былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Бұл – еліміздегі медициналық қызметтің сапасымен қатар, азаматтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр деген сөз.

Ұлт руханияты да жаңаша өркен жайып келеді. Ірі қалаларда, ауыл-аймақтарда мәдени жаңғыру байқалуда. Мысалы, еліміздің әр түкпірінде апта сайын ондаған концерт, спектакль қойылады. Соған қарамастан жұрт театрға билет таппай жатады.

Қоғамымызда, әсіресе жастар қауымында креативті индустрия қарқынды дамып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс. Мен облыстарға жұмыс сапарымен жиі барып тұрамын. Биыл да бірнеше аймақта болдым. Әр облыста жұртшылықпен, соның ішінде бизнес өкілдерімен кездесіп жүрмін. Аймақтарда көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Биылдың өзінде еліміз бойынша жалпы құны 376 миллиард теңгені құрайтын 91 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашу – жалпымемлекеттік міндет. Өйткені бұл жерде халықты жұмыспен қамту, қоғамдағы масылдық психологиядан арылу туралы айтылып отыр.

Қазақстанға әлемдік және аймақтық өнеркәсіп алпауыттары келіп жатыр. Мысалы, жақында Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталды. Өзге де автомобиль брендтерін шығару көзделіп отыр.

“Біз алдымызға шынайы индустрияландыру және елдің жаңа өндірістік негізін қалыптастыру міндетін қойдық. Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады”, – деді Президент.

Кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі бүкіл еліміздегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту аса қажет екенін айқын көрсетті. Бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді.

Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды. Қазақстан Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Батыстан Шығысқа баратын негізгі жолдар біздің еліміз арқылы өтеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек.

Сапалы жол дегеніміз – ел экономикасының күретамыры екенін айтқан Президент республикадағы келелі мәселені назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертті.

“Біз авто және темір жол желілерін тұрақты дамытып келеміз. Биыл 850 шақырымнан астам жол салдық. Алдағы үш жылда 1300 шақырым темір жол іске қосылады. Қазақстан электронды үкімет пен қаржылық-технологиялық даму индексі бойынша әлемде жетекші орын алады. Жақында ғана біз ұлттық валютаның инновациялық форматы – цифрлық теңгені іске қостық. Бұл маңызды қадам отандық қаржы жүйесінің дамуына тың серпін беретініне сенімдімін”, – деді Мемлекет басшысы.

Елімізде IT секторы қарқынды дамуда. Озық мемлекеттер экономикасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT индустрия экспорты бес есе өсті.

“Мен оның көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедім. Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бастап, шағын сервистік жобаларға дейінгі экономиканың барлық саласын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс. Мұның бәрі – біздің жұмысымыздың міндеттері мен нақты нәтижелерінің аз ғана бөлігі. Барлық саладағы өзгерістердің қарқынын арттырып, одан әрі дамыта беруге міндеттіміз. Түрлі салада қордаланған проблемалар аз емес. Бұл жағдайға азаматтардың алаңдауы – заңдылық. Үкіметтің күн сайынғы және жүйелі жұмыстарының нәтижесінде барлық өзекті мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Дегенмен еліміздің даму жолында қуатты серпіліс жасау үшін күнделікті мәселелерді шешіп қана қоймай, мемлекетіміздің болашағына қатысты өзіндік ұстанымымызды анықтау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жекелеген және ұжымдық құндылықтар жүйесін жетілдіру маңызды. Ескі сүрлеуге түсіп кетпей, прогресс жолынан ауытқымауымыз қажет. Бізге ұзақ мерзімді мақсаттарымызды айқындап алу керек. Ертең кім болатынымыз, мың құбылған әлемде қандай орын алатынымыз әсте естен шықпауға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз тек алға ұмтылуымыз керек. Біз жасампаз әрі жаңашыл болуға тиіспіз. Еліміздің алға қойған нақты межесі бар. Мызғымас бірлік пен қажырлы еңбектің арқасында өз мақсатымызға жетеміз. Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық.

Мемлекет басшысы жиын соңында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды.

«Парыз» сыйлығының орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Абай Дәулет» ЖШС-іне (Қызылорда облысы), ал ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Бақыршық тау-кен  өндіру кәсіпорны» ЖШС-іне (Абай облысы) табысталды.

«Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша «ДЕП» ЖШС (Қостанай облысы), «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша «CleanfieldKazakhstan» ЖШС (Маңғыстау облысы) «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары атанды.

Салтанатты шара алдында Мемлекет басшысы «Бір ауыл – бір өнім» жобасымен, сондай-ақ «Global Safety», «CleanField Kazakhstan», «Borusan Cat» және «Med 365» секілді отандық компаниялардың өнімдері  қойылған көрмемен танысты.

https://t.me/aqorda_resmi/13964

Жаңалықтармен бөлісу