29 мая, 2025
Мейірім мерекесі: Қостанайда аналар қауымына ерекше құрмет көрсетілді (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Мейірім мерекесі: Қостанайда аналар қауымына ерекше құрмет көрсетілді (ФОТОРЕПОРТАЖ)

8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында көп балалы аналарды, әр салада табысты еңбек еткен нәзік жандарды ардақтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке иелері өңір басшысының қолынан мәртебелі марапат алып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Әлемнің жарығы» атты концертті тамашалады.

Көңілге шуақ, сезімге қуат сыйлайтын ең жарқын мереке облыс орталығында ерекше әсерлі атап өтілді. Көрермен залы ақ жаулықты аналарға, аяулы аруларға, қыз-келіншектерге лық толды. Жүрекке шаттық нұрын ұялатқан әсерлі кеш облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауымен ашылды.

«Әйел – әлемнің ажары, тіршіліктің бастауы, отбасының берекесі. Сіздердің жүректеріңіздегі мейірім, сүйіспеншілік пен даналық өмірді мәнді, қоғамды жарқын етеді. Ана алақанының жылуы барша жақсылықтың қайнар көзі. Бізді биіктерді бағындыруға, жаңалықтар ашуға, ғажап туындылар әкелуге шабыттандырады. Біз жыл сайын асыл аналарымызға, айдай аруларымызға ақ тілек айтуға асығамыз. Нәзік жандарға деген құрметіміз әрдайым жоғары. Елімізде әйелдер рөлі жыл сайын күшейе түсуде. Осы бағыттағы саясат та жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда әйелдер құқығын нығайту, гендерлік теңдікті сақтау оң жолға қойылған. Қостанай облысында әйелдер экономиканың барлық саласын дамытуға белсенді араласады. Олардың көбі тұтас елге танымал. Әрқайсысын мақтан тұтамыз», – деді өңір басшысы.

Ол сөзінде басшылық лауазымда, кәсіпкерлікте еңбек ететін елеулі есімдерді ерекшелеп атап өтті. Бизнес жетекшілері Әлия Қайрақбаева, Лариса Сторошенко, денсаулық сақтау саласында көп жыл қызмет етіп келе жатқан Бақытжамал Каленова, Екатерина Говорушкина, білім саласының майталмандары Айна Тайжанова, Лена Петренко, Альмира Бақытқызы, спортта биіктерді бағындырған Тұрсынай Қабыл, Надежда Рябец және басқаларды тілге тиек етті.

Бұдан соң Құмар Ақсақалов дәстүр бойынша марапаттау рәсімін жүргізді. Облыс әкімінің қолынан «Құрмет» орденін Ирина Сулименко иеленді. Ол – ауыл шаруашылығы бағытындағы «КАС Консалтинг софт» бірлестігінің директоры. «Ерен еңбегі үшін» медалі «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнының корпоративтік университетінің жетекшісі Людмила Олкинянға бұйырды. Ал «Шапағат» медалі облыстық аурухананың диагностикалық бөлімшесі УДЗ дәрігері Әсия Сейіловаға табыс етілді.Сондай-ақ облыстың әр аудан-қаласынан «Алтын алқа» төсбелгісіне – 11, «Күміс алқа» төсбелгісіне 20 көп балалы ана ие болды.

           Мерейі өсіп, мәртебесі биіктеп қалған марапат иелеріне және жалпы көрерменге арнап, өңір өнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Көрерменді айырықша әсерге бөлеген сәт – сахнаға ел эстрадасы жұлдыздарының шығуы болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опералық бағыттағы әнші Зарина Алтынбаева, жастар арасында кеңінен танымал хитмейкерлер BYTANAT және Дана Кентай қостанайлықтарды әсерлі ән-әуенмен құттықтады. Соңында сахнаға әйгілі «Жігіттер» квартеті жарқ ете шыққанда қалың қауым қошеметін одан сайын ұрғылай түсіп, жарық жұлдыздармен қосыла ән айтты.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ