Марбург вирусы: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Марбург вирусы: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Марбург вирусына байланысты ескерту жариялап, профилактикалық шаралар тізімін ұсынды. Бұл туралы Kursiv.kz хабарлайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Марбург вирусының қаупі туралы ескерткеннен кейін, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық бақылауды күшейткен.

Марбург вирусы адамдарға жарқанаттардан жұғуы мүмкін. Қызу көтеріліп, тамақ пен іш ауырып, мұрын мен көз қанауы мүмкін. Ол науқастың киімі немесе төсек орны секілді вирус сақталып тұруы мүмкін заттардан жұғуы мүмкін.

“Вирус адамға тікелей байланыс арқылы беріледі. Сіз зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы жұқтыруыңыз ықтимал. Қауіптілігі сонда – Марбург вирусына қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ. Тек симптоматикалық емдеу ғана жүргізіледі”, – делінеді министрлік хабарламасында.

Вирусты бірден анықтау мүмкін емес. Оны жұқтырғаннан кейін 2-21 күн аралығында алғашқы симптомдар пайда болады. Дерттің негізгі ошақтары – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенованың айтуынша, әзірге әуежайлар бақылауға алынған. Мемлекеттік шекараларда санитариялық-карантиндік тексерулер жүріп жатыр.

Министрлік вирус тараған елдерге баратын қазақстандықтарға төмендегідей сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

1) жұқтырған адамдармен байланысудан аулақ болу;
2) Африка джунглилерінде кездесетін жабайы жануарлардан сақ болу;
3) жергілікті жануарлардың нашар қуырылған етін жемеу;
4) вирустың асимптоматикалық тасымалдаушысы болуы мүмкін мысырлық жарқанаттар көп мекендейтін үңгірлер мен шахталарға бармау;
5) аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;
6) жеке гигиена ережелерін сақтау.

“Денсаулық сақтау министрлігі Марбург вирусының эпидемиологиялық жағдайының дамуын мұқият қадағалайды. Халықаралық әуежайларда аурудың республикаға әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында барлық келетін жолаушылардың байланыссыз термометриясы жүргізілетін мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылады”, – дейді Бейсенова.

Фото: kz.kursiv.media

Жаңалықтармен бөлісу