Марат Жүндібаев: “Тасқын судың алдын алуға барлық қажетті шаралар қабылданды”

Марат Жүндібаев: “Тасқын судың алдын алуға барлық қажетті шаралар қабылданды”

Облыс орталығында бес жүзге жуық үйді су басу қаупі бар. Онда мың жарымға жуық адам тұрады. Ықтимал аудандар қатарында Қостанай-2, Қонай, Дружба және Текстильщик аймағы.      

 

            “Қаланың шеткі аумағындағы Тобыл, Пионер, Красный кузнец, Дачная көшелеріндегі жер үйлерді су басуы мүмкін. Қазіргі кезде тасқынның алдын алу үшін 197 техника, 2 мың қап, 1500 тонна инертті материал және 7,3 тонна жанар-жағар май әзірленді. Сонымен қатар, 3500 адамға арналған тамақтану орыны мен 1800 төсек орын дайын. Адамдарды эвакуациялауға 10 автобус шығарылады. Өткен жылдың қазан-қараша айларында жер асту суы көтерілді. Осыған байланысты қосымша су айдау техникасы қажет, – дейді ТЖ басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерден Нұржанұлы.

Красный кузнец, Әбілсай, Летунов көшелерін қардан аршу керек. Өйткені еріген қар суы осы көшелер бойымен төмен ағып Тобыл өзеніне құюды. Сондай-ақ, судың кедергісіз ағуы үшін диаметрі 1200 мм болатын 2 су өткізгіш құбыр тазартуды қажет етеді.

            “Су тасқыны қаупі бар аймақтарда халықты ТЖ туындағаны туралы хабардар етуге, эвакуациялау бойынша шұғыл шаралар қабылдауға арналған құлақтандыру жүйесі жоқ. Оны сатып алу үшін 227 млн теңге қажет. Біреуінің құны 6,5 млн теңге тұрады. Қалаға отыз бес хабарландыру жүйесін орнату қажет”, – деді Е.Нұржанұлы.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бұл мәселені балама түрмен шешіп көру керектігін айтты.

            “Қалай болғанда, су басуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Сол себепті қандай жағдайға да дайын болу  керек. Барлық қажетті шаралар қабылданады. Соңғы екі жылда су тасқыны болған жоқ. ТКШ бөлімі өзге де коммуналдық ұйымдар жұмылдырылады. Техника әзір болуы керек. Ең бастысы,  су өткелдерінің жолы ашық болуы қажет, қоқыстан тазартылсын. Жұмыстар бүгін, ертен басталуы керек, наурыз айында кеш болады”, – деді қала әкімі.

“Қазгидрометтің” бірінші ақпандағы  мәліметіне сүйенсек, топырақтың ылғалдылығы 158 мм, ал қалыпты жағдайда 112 мм болуы керек. Ал, қыс басталғаннан бері мердігер ұйымдар қала аумағынан 421 200 шаршы метр қар шығарған. Нөсерлі кәріз жүйелеріне келетін болсақ оның ұзындығы 96 шақырым. Екі гидротехникалық нысан, 4 су бұру каналы бар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу