Елімізде табиғаты тамаша жер көп. Таңғажайып табиғатты тамашалау, саламатты өмір салтын насихаттау, жүгіру мәдениетін қалыптасыруды “NOMAD run” ультрамарафонына қатысуышлар негізгі міндеттеріміз деп біледі.
Аталған марафоншылар Қостанай қаласына да келді. Олар осы уақытқа дейін Астана, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Көкшетау, Петропавл сынды өңірлерді жүгіріп өткен. Барлық облыс орталығы арқылы өтетін 7500 шақырымнан астам жарысқа бес кәсіби марафоншы қатысып жатыр. Олардың ішінде жерлесіміз, Науырзым ауданының тумасы Меңдібай Талғатұлы да бар.
— Біздің басты мақсатымыз — жастарды саламатты өмір салтына, спортқа деген ынтасын арттыру. Қазір қоғамнан ба, көбісі жастың спорттан шет қалып жатқаны бар. Ол қате. Спортпен шұғылдану, әсіресе, жүргірудің пайдасы мол. Біз осы он күннен астам уақыт ішінде түрлі жерді көрдік. Әр облыстың өзіне тән мәдениетімен, өзіндік салт-дәстүрлерімен, табиғи жерлерімен таныстық. Нәтижесі жақсы. Бойымызда күшіміз тасып тұр. Бір қызығы 7500 шақырымды бір айда жүгіріп өтуді жоспарлағанбыз. Алайда, қазір 16 күнде 5000 шақырымды жүгіріп өттік. Жас кезімде 10 км-ді 31 минутта жүрігіп өтетінмін. Қазір де бұл марафонды ерекше ықыласпен, ширақтықпен жүгіріп келемін, — дейді 55 жастағы марафоншы М. Талғатұлы.
Марафоншылардың спорттың көмегімен еліміздің көрікті аймақтарын насихаттауы ерекше көңіл аударарлық. Осы туралы өскемендік Ғалымжан Тоқтар ойын білдірді.
— Командада бес адамбыз. Әр қайсымызға 1500 шақырымнан келеді. Қазірге дейін барлығымыз 1000 астам шақырымды өттік. Бәрінен де халыққа өте үлкен ризашылығымызды білдіргім келеді. Қай жерге барсақ та қолдап, қолпаштап жатыр. Күніне шамамен 50-60 шақырым жүгіреміз. Құдай қалап Ақтауға жетеміз деген ойдамыз. Командамызда Семей, Өскемен, Қостанай және Астана қалаларының адамдары бар. Егінді өлкен саналатын Қостанайдың табиғаты ұнады. Жолда көптеген ауылдан өттік. Бірақ ауыл аттарының ешбірі есте қалмады. Себебі орысша жазылған екен. Жасыл аймақ. Жаз айларында теңдессіз болары сөзсіз, — деді Ғ.Тоқтар.
Ультрамарафонға қатысушылар ендігі кезекте Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау қалаларына бет алмақ.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Суреттерді түсірген автор.