Мақсат пен жауапкершілік несиесіз іс бастатты

Мақсат пен жауапкершілік несиесіз іс бастатты

Қостанай өңіріне сырт елдерден келіп жатқан қандастар көшінің  көпшілігі Рудный қаласына тоқтайды. Биыл жыл басынан бері көшіп келіп, құтты қонысына орналасқан қандастарымыздың қарасы алты жүз шамасында болды.

Көштің барлығы дерлік Өзбекстаннан келіп жатыр. Әсіресе, атамекенге деген сағынышын ала келгенқандас ағайындардың басым көпшілігі жастар, жас отбасылар. Балаларына қазақ тілінде білім беруді, Қазақстанға мысқалдай да болса пайдам тисін деген мақсатты арқалап келген қандастар түйесін біздің өңірге шөктіргелі Рудный қаласының ұлттық бейнесі өзгеріп сала берді. Сонымен қатар, келген жастардың жеке ісін ашуға ұмтылысы, бизнесті дөңгелентіп жүрген жігіттердің іс-қимылы көңіл сүйсінтеді.

Серікбол Өмірәлиев Рудный қаласына Өзбекстанның Үшқұдық қаласынан көшіп келген еді. Жас жігіттің өз ісін ашу, өз бизнесін табу жолында істеген игілікті істері жөніндегі әңгімесін қызық киноның мазмұнындай құмарта тыңдайсың. Ол қандай істің шекесін шертіп көрмеді десеңші! Шаштараз да болды, машина да жөндеді, сауда да жасады, алыс жолға тауар да тасыды – айта берсе толып жатыр.

–Айналайын атамекенім, мені ізденуден жалықпауға итермеледі. Қазір істің көзін тапсаң, қаржы да, табыс та қолыңда деп біл. Ол үшін еңбек, ізденіс керек. Менің ешқандай дипломым жоқ. Бірақ ізденіс – менің сүйікті ісім, – дейді Берікбол.

Айтса – айтқандай. Жеңіл көліктердің ішіне, аяқ астына төсейтін төсеніштер тігу екінің бірінің қолынан келсе де, ойына келе бермейтіні рас шығар. Рудныйдағы кішкентай цехта Серікболдың өзі жиектеп тігетін төсеніштерді тек облыс аумағы емес, Қазақстанның әр шалғайынан сұратады. Қазір ол тіккен көлік төсеніштерін Өзбекстанға жіберіп жатыр. Осы істі бастаған 3 жылда 4500-ден аса машинаға төсеніш тігіп беріпті. Ол су өткізбейтін, тіпті суды, лайды өзінде ұстап тұратын, көлік ішінің тазалығын сақтайтын, аяққа жұмсақ, жылы тиетін төсеніш материалын Польшадан, Қытайдан және Ресейден алдырады. Бір қызығы, Серікбол қай ісін ашқанда да кредит алмаған. Алдымен алғашқы капиталын тиындап  жинап алады, ұсақтап бастайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында бастаған ісінің барлығынан пайда көрді.

–Маған осы бизнесті бастау үшін 4,5 миллион теңге керек болды, бірақ бұл жолы да кредит алмадым, инвестиция тарттым. Бұл да ізденістің жемісі болар, – дейді Серікбол. Ол инвестиция тартудың да жолдары бар екенін айтады. Қазір кәсіпкер бір адамға жұмыс берді. Кішкентай ғана цех үшін мұның өзі жетістік деуге болады. Ол бұл бизнеспен тоқтап қалмайтынын айтты, жаңа бизнестерді зерттеп жатқанын да жасырмады. «Ізденген жетер мұратқа» деген аталар сөзінің даналығын мақсат ен жауапкершілікті берік ұстанған Серікбол осылай дәлелдеп келеді.

                                                                       Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
                                               республикалық «Отандастар» қоры облыстық
фронт-кеңсесінің сарапшысы

Жаңалықтармен бөлісу