Қостанайда БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының «Орталық Азиядағы «Бірыңғай денсаулық» тәсілінің негізінде пандемияға дайындық және жауап шаралары» жобасы аясында биологиялық материалдың сынамаларын іріктеуге қатысты ветеринар фельдшерлердің тренингі өтті.
Бұл оқыту жүйесі өңірдегі жергілікті ветеринарлық дәрігерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге арналған.
Басты мақсат – зертханалық диагностика үлгілерін жинау, орау, тасымалдау және өңдеу тәжірибесін арттыру арқылы сібір жарасы, бруцеллез, құс тұмауы және пастереллез сияқты қауіпті аурулардың эпидемиологиялық сапасын жақсарту.
– Бұл тренинг еліміздегі эпидемиологиялық қадағалау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам екені даусыз. Қазіргі жағдайда, сібір жарасы, бруцеллез, құс тұмауы және пастереллез сияқты аса қауіпті зооноздық аурулардың таралу қаупі жоғары болып отыр. Сондықтан, ветеринарлық мамандардың кәсіби дағдыларын дамыту ерекше маңызға ие . Бүгінгі іс-шара зертханалық диагностика үшін сынамаларды іріктеу, орау, тасымалдау және рәсімдеу тәжірибесін жетілдіруге баулиды. Біздің мамандарымыз теориялық білім алып қана қоймай, осы саладағы ұлттық және халықаралық стандарттармен танысып, тәжірибе алмасады. Мамандарды оқытып, үйрету елімізде қауіпсіз және тұрақты эпидемиологиялық қадағалау жүйесін құрудың тағы бір қадамы боларына сенемін, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Төлеген Иманбаев.
Білікті мамандардың кеңесін алуға облыстың түкпір-түкпірінен сала мамандары келді.
Солардың бірі – Қамысты ауданына қарасты Арқа ауылындағы ветеринарлық пункттің меңгерушісі Сағыныш Демесінова. Ол бұл салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
– Мұндай тренинг біздің облыста алғаш рет өткізіліп отыр. Жиі ұйымдастырылса да артық емес. Өйткені, оқыту-үйрету жиындарынан аларымыз көп. Кейінгі жастар да білімін жетілдіре түседі. Бір-бірімізден үйренеріміз өте көп. Уақыт бір орында тұрмайды. Осындай шаралар арқылы өз кәсібімізді мейлінше жетілдіре түссек, одан ешкім ұтылмайды. Рас, кез келген мал ауруының алдын алса, мал өнімдерінің сапасына да кепілдік беруге болады. Сондықтан, мұндай шараларға қатысуды өз басым құптаймын, – дейді Сағыныш Демесінова.
Кәсіби тренингтің негізгі бөлімінде мамандар теориялық оқытуды, практикалық тәжрибені және кәсіби дайындықты нығайтуға көңіл бөлді. Қатысушылар сынама алудың ұлттық және халықаралық стандарттарымен танысып қана қоймай, үлгі сапасын сақтаудың озық әдістерін үйреніп, биологиялық қауіпсіздік стандарттарына назар аударды.
– Елімізде мал саны жыл озған сайын артып келеді. Оның үстіне шетелдерден әкелініп жатыр. Оны да дер кезінде анықтауымыз қажет. Қайткенде, төрт түлік ауырмай тұрмайды. Мәселен, қара малдың өзінде брюцеллез, сібір жарасы, аусыл деген тәрізді ауру көп таралады. Оның алдын алмаса болмайды. Ол үшін біліктілік өте қажет. Өткен жылы облыста мал ауруының отыз шақты ошағы табылса, биыл біздің дәрігерлердің ширақ қимылының арқасында оны бесеуге дейін төмендеттік. Егер мамандар сапалы жұмыс істесе, кез келген аурудың алдын алуцға болады. Мынадай тренигтер сол үшін өте қажет шара. Бүгінгі шараға қатысқандар ауылдарына барған соң, өзгелерге үйретеді. Сол жағынан өте тиімді, – дейді Төлеген Иманбаев.
Тренингке қатысушылар биологиялық материалды іріктеу саласындағы кәсіби дағдыларын арттырып қана қоймай, облыс аумағындағы зооноздық ауруларды диагностикалау жүйесін нығайтуға назар аударды.
Сынама алу сапасын арттыру арқылы олардың таралу қаупін мейлінше төмендетудің ұтымды тұстарына үңілді.
– Бүгінгі тренингтің маңыздылығы сол, ең бастысы аса қауіпті ауруларды зерттеу нәтижелі болуы шарт. Ол үшін әрине, сынаманы дұрыс алу қажет. Сынама дұрыс алынса, зерттеу де оңай тиеді. Яғни, нақты диагноз қойылады. Керісінше жағдайда, ол күрделене түсері хақ. Немесе зерттеу жұмыстары ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Осы тренингте біз тірі малдан қандай сынама алу керек, өлген немесе сойылған малдан қандай сынама алу керектігін көрсеттік. Оны қай мөлшерде, қай жерден алу керектігін, қалай орап, термо-шабаданмен зертханаға жеткізу жолдарын түсіндірдік. Сынама жөніндегі құжат толтырудың да өзіндік тәртібі бар. Бәрі «жіпке тізгендей етіп» айтылды. Басты міндетіміз, ветеринарлық дәрігерлердің біліктілігін арттыру. БҰҰ адамзат баласының қауіпсіздігіне бей жай қармайды. Бүгінгі басқосуды ұйымдастыру арқылы сол үдеден шыққан сияқтымыз, – дейді БҰҰ ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымының Ұлттық үйлестірушісі Ербол Қамсаев.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков,
Эльвира Бердәулетова.