Мамыр айының күнтізбесі мерекеге толы. Үш мереке тоғысқан мамыражай мезгіл. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні. Осы аталған мерекелер Қостанай қаласында қалай тойланадай, қандай іс-шаралар өтпек? Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде егжей-тегжейлі талқыланды. Шаһар басшысының орынбасары Мәжит Шүленовтың айтуынша, Бірлік күні Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы, “Достық үйі” мекемесі және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен қаланың шағын аудандарында әртүрлі мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. “Жастар сарайының” алаңы мен “Әуежай” шағын ауданында сағат 11:00-де бір мезгілде концерттік іс-шара басталады. Түстен кейін, сағат екіде орталық алаңда “Бірлікте біздің күшіміз!” атты концерт болады. Кешкі алтыда “Елдің күші – халықтың бірлігінде” атты бір жарым сағаттық көңілді кеш тұрғындардың назарына ұсынылмақ.
Отан қорғаушылар күніне орай, облыстық Қоғамдық даму басқармасы “Батырларға тағзым” акциясын өткізбек. Бұл іс-шараның аясында өңіріміздің белгілі тұлғаларына, батырларына тағзым жасап, ескерткіштерінің басына гүл шоқтарын қою жоспарланып отыр. Ары қарай, Полиция департаменті, әскери қызметшілер, шекарашылар, әскери-патриоттық клубтардың мүшелерінің қатысуымен концерттер болады.
9 мамыр – Жеңіс күніне ерекше ден қойылмақ. Бұл күннің іс-шаралары көгілдір түсті “Жеңіс лентасын” тағудан басталады. Жеңіс саябағына жиналған тұрғындарға мыңнан астам жібек лента тарату жоспарлануда. Оқу орындарына ерлік сабақтарын, әскери-патриоттық ойындар, ҚР Қарулы күштерін насихаттауға арналған әртүрлі іс-шаралар өткізу ойда бар. “Ер есімі ел есінде” сияқты дәстүрлі акциялар биыл да жалғасын табады.
Бүгінде Қостанай қаласында Ұлы Отан соғысының 13 ардагері бар. Олардың ең жасы 97-де.
– Ардагерлердің жасы мен денсаулығын ескере отырып, салтанатты іс-шараларды Жеңіс саябағында өткізбекпіз. Жыл сайынғы дәстүрлі шеру биыл облыс әкімдігінің алдынан басталмайды. Өйткені, ондай шеруге қатысуға ардагерлердің физикалық жағдайлары келмейді. Қатысушылар былтырғыдай Баймағамбетов-Жеңіс көшелерінің қиылысынан бастап жүріп өтіп, “Жеңіс” саябағына барады. Мәңгілік алау маңында бір минут үнсіздік сақтап, майданда опат болған батыр бабаларымыздың рухына тағзым жасалмақ, – деді Мәжит Шүленов.
Мамыр мерекелеріне арналған барлық іс-шаралардың тізімі жергілікті БАҚ пен танымал әлеуметтік желілерде жарияланады.
Қымбат ДОСЖАНОВА