Арқалықтағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушылары “Мамандығым – мақтанышым” тақырыбында түрлі салада қызмет ететін әкелер қауымымен кездесті.
Іс-шараның мақсаты – мектеп қабырғасында ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын, еңбекке деген құрметті дәріптейтін тағылымды ұрпақ қалыптастыру, бағыт-бағдар беріп, олардың мамандық таңдауына жол көрсету.
Кеш қонағы ретінде Арқалық қаласының ПБ-ның өкілі әрі мектеп инспекторы А.Баязид, тарих және құқық пәндерінің мұғалімі А.Қашқынбаев,
Төтенше жағдайлар жөніндегі өкіл А.Байдеш, Түзету мекемесінің қызметкері Б.Көшкінбаев сынды әкелер қауымы арнайы шақыртылды.
Сұрақ-жауап форматында өрбіген пікір алмасу барысында оқушылар мамандық таңдауда нені ескеру керегін, әр саланың ерекшелігін түсініп, есті кеңестерге қанықты.
“Біз үшін келешек ұрпақтың мамандық таңдаудан қателеспеуі үлкен абырой. Оқушылар бүгінгі кеш барысында түрлі маман иелерінен әр жұмыстың өз қиындығы бар екенін ұғына отырып, қай салада да өзінің таңдауына құрметпен әрі шынайы ықыласпен қарау керек екенін түсіндіруге тырыстық. Сала мамандарының өз жұмыстарының қиындығы мен қызыққа толы кезеңдерін бөлісуі оқушыларға ерекше әсер еттіп деп ойлаймын. Олардың көздерінен бір сәт сол маман иесі болуға деген қызығушылығы артқанын бақыладым. Осы оқу жылы аяқтала салысымен оқушылардың арасынан кейбіреуі мектеппен қоштасып, колледжге түсіп кетуі де әбден мүмкін. Алдағы уақытта оқушылардың өмір жолындағы таңдауына әсерін беретін осындай кездесулер 9-11-сынып оқушыларымен жиі өткізілсе екен деген ұсынысым бар”, — дейді аталған мектептің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Абай Балтабайұлы.
Жиын барысында оқушылар да шет қалмай, өз ойларын ашық жеткізді. «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында бірнеше оқушы дәрігер, ұстаз, ІТ-маман болуды армандайтынын айтып, ойларын бөлісті. Ал «Мамандықтар картасы» ойынында әр оқушы өз болашағын байланыстыратын саланы таңдап, не себепті сол бағытты қалағанын түсіндірді.
“Бүгінгі кездесу кеші біз үшін өте керемет мүмкіндік болды. Себебі енді бірер жылда мектеппен қоштасып, қандай маман иесі боламын деген сұраққа жауап іздейміз. Осы кеш арқылы қандай мамандық болсын, сол мамандыққа адалдық танытып, қиындығына төзе білсек, үлкен жетістікке жетуің мүмкін екенін түсіндік. Ата-аналарымыздың да жұмыс істейтін саласында қиындықтарға төзіп, біз үшін үлкен ерліктерге барғанын ұғындық”, — дейді 9А сынып оқушылары Ауялым мен Қаракөз.
Ал, Ақзере мен Айзада оқушылар үшін арнайы келіп, өздерінің өмірлік тәжірибесін бөліскен әкелерге ерекше алғыстарын білдірді.
«Осындай ақыл-кеңестерді басшылыққа алсақ, мамандық таңдаудан қателеспейтініміз анық. Көп дүниені көңілге тоқыдық, ұйымдастырушы ұстаздарымызға да рақмет айтамыз”, — дейді.
“Менің әкелердің ақылынан түсінгенім көп болды. 9-сыныпты бітіріп-ақ үлкен маман иесі атануға болады. Қазір әскери саладағы мамандарға жасалатын көмек көп. Әрі маман боласың, әрі отаныңды қорғайсың. Іс-шара аясында неліктен болашақ заңгер немесе әскери қызметкер болмаймын деген ой түйдім. Тіпті болашақ мамандығымды таңдап та қойдым десем болады”, — дейді Жасқыран.
Ернұр Әуезхан,
Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі