Малика Мұқтароваға ескеркіш тақта ашылды

Малика Мұқтароваға ескеркіш тақта ашылды

Бүгін  өңіріміздің атын елге танытқан Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы Малика Мұқтарова тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

«Маликаның орын өмірде толмайды. Өзгеден озып туған бала. Үш жасынан өлең айтты. Әже маған мынаны үйретші, ананы үйретші1 деп үнемі алға  ұмтылатын. Портреттерін істетіп жағалай іліп қойдым. Кейбіреулер: «Суреттерін неге көп ілесіңдер, жарамайтын іс» деп жатады. Бөлмесіне кіріп, портеретеріне қарасам, онымен бірге отырғандай боламын. Малика екі жылдан артық Астанада жүріп қалды. Сол кезде қатты сағынатынмын. Малика сен жұрттың арасында жүр. Алды бол деп өсірдік.   Қайда барса да бетін қаққанымыз жоқ», – деді Маликаның әжесі Ұлболған Аяғанова.

Міне, Ұлболған әжей атап кеткендей, өзгеден озып туған  өрімдей қыз  ешкімге ұқсамайтын. Өте ерекше жан еді. Алғаш рет 2015 жылы спорттық бал биінен облыс чемпионы атанды. Малика Қазақстанда ғана емес, тыс жерлерде де танымал болды. Азия чемпионы, әлемнің қола жүлдесін жеңіп алды.

«Бізге  Маликаны жеті жасында әжесі әкелді. Сол кезде ол ән салған болатын. Көз алдымызда өсіп, мәдени іс-шараларға қатысып жүрді. Кейін 2009 жылы қатарымыздағы жандардың денсаулығына сеп болатын арбамен билеу спортын аштық. Ол кезде Маликаның да бойының саулығы қатты алаңдататын.Маликаға билеп көруге ұсыныс тастадым. Денсаулығына жақсы екенін айттым. Ол сөйтіп билей бастады. Осылайша, бәрімізді таңғалдырды. Жеткен жетістіктері, әрине,  жан-жағындағы отбасының, әжесінің  арқасы. Ауа райының қолайсыздығына қарамай жиналып келген қауымға рақмет. Әрқашан еске аламыз. Портал арқылы құжаттарын жинадық. Біздің ұсынысымызды бірден қолдаған облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз. Біз үшін Малика мәңгі арамызда. Кетті деп айта алмаймын», – дейді «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аруна Жақсағұлова.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылай-Хан Кәкенов бұл іс-шара әлі де жалғасатынын айтты.

«Жиналып отырған себебіміз, белсенді жастармызыдың бірі, облыстың Алтын жастар кітабының лауреаты, жастар арасында көшбасшы болған, өзінің біліктілігімен бой көрсеткен қарындасымызды еске  алып жатырмыз. Жастар саясатында бұл ең үлкен құрметті іс-шара. Осыған қатысу біз үшін құрмет деп санаймыз. Бұл бағыт бойынша спорттық іс-шаралар болсын, көпшілік мәдини  іс-шаралар болсын, біздің тарапымыздан өткізіледі деп уәде беремін», – деді Абылай-хан Кәкенов.

Мүгедектер спорт клубының жетекшісі Абзал Сәрсенбайұлы, облыстық дене шынықтыру спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елена Киреева Маликаның спорттағы жетістіктері жайлы айтты.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу