29 мая, 2025
Майлин ауданының әлеуметтік саласын дамытуға «Варваринское» АҚ қомақты қаржы бөледі

Майлин ауданының әлеуметтік саласын дамытуға «Варваринское» АҚ қомақты қаржы бөледі

Бейімбет Майлин атындағы аудан әкімдігі мен «Варваринское» АҚ осы жылғы әлеуметтік-экономикалық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға 50,5 млн теңге бағыттайтын болды.

Атап айтқанда, қомақты қаржының басым бөлігі – 28,5 млн теңге Әйет ауылының саябақ аумағын абаттандыруға жұмсалмақ.  Айтылмыш кәсіпорынның демеушілігімен өткен жылы Асенкритов ауылында салынған шағын футбол алаңының аумағын қалыпқа келтіруге 13 млн теңге құйылғалы отыр. Тағы 6 млн теңгеге Майский ауылындағы Мәдениет үйінің төбесін жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарға алынды.

Бұдан бөлек, тау-кен өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорын меморандумнан тыс әртүрлі экологиялық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды биыл да жалғастырмақ.

Айта кетейік, «Варваринское» АҚ 15 жылдан астам уақыт бойы ауданның әлеуметтік дамуына демеуші болып, қаржы бөліп келеді. Аудан әкімдігімен жыл сайын әріптестік меморандумына отыруды бұлжымас міндетіне айналдырған. Аталған уақыт аралығында кәсіпорын әлеумет игілігіне құйған инвестиция 570 млн теңгеден асады.