Әрдайым ерекше ықыласпен және мақтанышпен мен Ұлы Отан соғысының ардагері – атам Бекбосынов Исахмет Бекбосынұлы жайлы естелікті жүрегімде сақтаймын.
Ол 1916 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. 1939 жылдың қыркүйегінде Қызыл Әскер қатарына шақырылып, 54-ші атқыштар дивизиясы құрамында алдымен Кеңес-фин соғысына, кейіннен Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Атам Карелияда, Шығыс Пруссияда шайқасты, Беларусь жерін неміс басқыншыларынан азат етуге атсалысты. Ерлігі мен жауынгерлік еңбегі үшін орден-медальдармен марапатталды. 1948 жылы әскер қатарынан босатылды.
Менің атам туралы естеліктерім – алаңсыз балалық шағыммен тығыз байланысты. Оның тұңғыш немересі ретінде мен көбіне атамның тәрбиесінде болдым. Ол соғыс жайында көп әңгімелемейтін, бұл тақырыпты айналып өтетін. Есейе келе түсіндім: ол майдандағы ауыртпалықтарды – қайғы-қасіретті, соғыстың қаталдығын қайта еске алғысы келмеген екен.
Көпшілік соғыс жағдайында адамдардың ішкі жағымсыз қасиеттері байқалатынын айтады. Алайда бұл бәріне бірдей тән емес. Шынайы рухы мықты адамдар мұндайға бой алдырмайды. Атам сондай жан еді, кең пейілді, өмірдің барша сынағынан мойымай өткен адам.
Әскерге дейін Орынбордағы физика-математика училищесін үздік бітірген. Соғыстан кейін білім беру саласына біржола бет бұрды. Сан ұрпақты тәрбиелеп, шәкірттеріне білім нәрін сіңірді. Осы еңбегі үшін «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атақтарына ие болды.
Балалық шағымнан есімде – ол маған көбейту амалын ерекше тәсілдермен үйретіп, 31 күндік айларды қалай тез анықтау керек екенін түсіндіріп, көптеген математикалық тәсілдермен бөлісетін.
Ол туған жерінің тағдырына әрдайым алаңдайтын. Көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуден ешқашан тартынған емес.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбеді. Ардагерлер кеңесін басқарып, маңызды бастамаларға белсене араласты. 1990 жылдардың басында басқа ақсақалдармен бірге ауданымыздың тарихи атауын қайтаруға қол жеткізді.
Өлең жазатын, шежіре мен тарихты жақсы білетін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қостанай облысына келген Тұңғыш Президент алдында ардагерлер атынан сөз сөйлеп, өз батасын берген еді.
Мен осындай асыл адамның немересі болғаныма шексіз шүкір етемін әрі әрдайым мақтан тұтамын. Ол – мен үшін және менің балаларым үшін елге, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала бермек.
Атың мәңгі жүрегімізде, Ата!
Бауыржан БЕКБОСЫНОВ,
Қостанай облысы прокурорының
бірінші орынбасары