Мәжілісте саяси партияларға «Таза Қазақстан» қағидаттарын өз жарғыларына енгізу ұсынылды

Мәжілісте саяси партияларға «Таза Қазақстан» қағидаттарын өз жарғыларына енгізу ұсынылды

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, «Таза Қазақстан» бастамасын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс көтерді.

Депутат өз сауалында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жобасының бүгінде қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын баяндады. Оның айтуынша, бұл жоба енді бір реттік экологиялық акция емес, азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыратын маңызды қоғамдық құндылыққа айналып отыр.

Тілектес Адамбеков 2026 жылғы республикалық референдумнан кейін Конституция кіріспесіне табиғатты аялау қағидаты енгізілгенін еске салып, «Таза Қазақстан» идеясын конституциялық реформаларды жүзеге асырудың маңызды тетігі ретінде бағалады.

Сондай-ақ депутат Үкімет бекіткен 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында бұл бастаманы жүйелі түрде институционалдандыру қажеттігін айтты.

Осыған байланысты мәжілісмен бірнеше нақты ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, ол барлық саяси партияларға «Таза Қазақстан» қағидатын өз бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды.

— «Таза Қазақстан» қандай да бір саяси идеологиядан биік тұратын, қоғамды ортақ құндылық төңірегіне біріктіретін бастама болуы керек, — деді депутат.

Сонымен қатар, ол «Таза Қазақстан» аясында тұрақты жұмыс істейтін жалпыұлттық қозғалыс немесе арнайы штаб құруды ұсынды. Депутаттың пікірінше, бұл қоғамды экологиялық мәдениетке жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Тілектес Адамбеков бастаманы цифрландыру мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, акция аясындағы жұмыстарды насихаттайтын арнайы сайттар мен цифрлық платформалар қажет.

Сауалда жыл бойы өткізілетін экологиялық іс-шаралардың ауқымын кеңейту мәселесі де көтерілді. Депутат көктем мен күз мезгілдерінен бөлек, басқа уақытта да ел назарын аударатын экологиялық жобаларды ұйымдастыруды ұсынды. Оның ішінде қоқыс жинау, тарихи және табиғи нысандарды түрлі жазулардан тазарту секілді бастамалар бар.

Бұдан бөлек, мәжілісмен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды. Ол ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін жаңбыр және еріген қар суларын жинап, сақтайтын арнайы резервуарлар жүйесін енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ депутат елді мекендер арасындағы жолдардың бойына көпжылдық ағаштар отырғызып, «жасыл дәліздер» қалыптастыру идеясын ортаға салды. Оның пікірінше, бұл қыс мезгілінде қар үйінділерінің азаюына және жолдардың жиі жабылмауына ықпал етеді.