«AMANAT» партиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Жанкелдин ауданы Көлқамыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға жаңа үйлерді салып жатқан құрылысшылармен сөйлесті.
Табиғи апаттан зардап шеккен Жанкелдин ауданының отбасылары жалғыз баспаналарынан айырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әрбір мұқтаж отбасыға мемлекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айтқанда, Тәуіш ауылында 22, ал Колқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр.
Баспаналар облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында типтік жобамен салынады.
Әрбір үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр және құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды.
«Мен өз өмірімде мұндай су тасқынын көрген емеспін. Жергілікті ауыл ақсақалдарының айтуынша, қызыл су ауыл төңірегін үнемі айналып өтетін. Бірақ биыл жағдай басқаша болды. Су ауылымызды түгелдей басты. Волонтерлерге алғыс айтамын. Олар эвакуацияға көмектесті, азық-түлік әкелді, заттарды орап, балаларға қарады. Қазір бізге уақытша киіз үйлер қойылды, болашаққа сеніммен қараймыз, жаңа баспананы күтеміз», – дейді Көлқамыс елді мекенінің тұрғыны Темірхан Шойбасов.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы табиғи апаттың алғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жұмыстарын шұғыл бастады. Бұл гуманитарлық көмекті жинау, «Жастар Рухы» еріктілері жұмылдырылды. Олар жағалауларды құм салынған қаптармен нығайтты, су тасқынына қарсы бөгеттер салды.
«Су тасқыны кезінде біз адамдармен кездескенде, олардың көбі жатақханалар мен басқа эвакуациялық пунктерге орналастырылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шеккендер өз баспаналарын алып жатыр. Колқамыста 19 отбасы 1 тамызда жаңа үйлеріне қоныстанады. Қосымша 10 соттық жер де беріледі. Жалпы Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады», – деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.
Ал депутат Еркін Әбіл егер тұрғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәселелерінде қиындықтар туындаса, «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік көмек көрсететінін айтты.
Бұдан бұрын депутаттар Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен Арқалық, Аманкелді және Жанкелдин аудандарының тұрғындары үшін салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Қыркүйек айында үй пайдалануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұрғындарына, 16-сы Аманкелді және 14-і Жанкелдин аудандарының тұрғындарына арналмақ. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін дайын пәтерлер сатып алынды.