Мәдениет саласының ардагерлері көшет екті

Мәдениет саласының ардагерлері көшет екті

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театырының маңындағы шағын саябаққа мәдениет және өнер қайраткерлері ағаш екті. Игі іс-шара кәсіби мереке күніне орай ұйымдастырылды.

Мереке иелерін құттықтауға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали келіп, ақжарма тілегін білдірді.

 “Мемлекетті мемлекет, ұлтты ұлт ететін – тілі мен мәдениеті. Облыс мәдениетіне еңбек сіңірген майталмандардың көшет егуі – зор тәрбиенің үлгісі. “Бабалар екен шынарды балалары саялайды” деген тағылымды сөз бар. Сіздердің ақыл-кеңестеріңізге әлі де жүгінеміз. Мәдениет, өнер саласы дамып, жоспарлы істеріміз орындалсын. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын”, – деді Ринат Зәкиұлы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қай салаға да оңай болған жоқ. Мәдениет саласы өлара кезеңді өткерді десек те болады. Дей тұрғанмен, соған қарамастан, кері шегіну болған жоқ, тек алдыға жылжып отырды. Қостанай өңірінде халықтың рухын көтерген игі іс-шаралар өтті. Соның басы-қасында бүгінгі мәдениет саласының ардагері Римма Ғайсенова жүрді. Римма Ғабдолқызы да атаулы ағашын отырғызды.

“Өткенге көз тастар болсақ, әрине көп дүние атқарылды. Сол уақытта өңір өнеріне зор үлес қосқан менің замандастарым осында отыр. Қостанай облысы мәдениет саласынан ел көлемінде алдыңғы қатарда болды. Бүгін де сол қалыптан таймай келе жатқанына куә болып отырмыз. Ізбасарларға тек шығармашылық жетістіктер тілеймін”, – деді ҚР Мәдениет қайраткері Римма Ғайсеова.

Аллеяға Римма Ғайсеновамен қатар, ақын, жазушы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Серікбай Оспанұлының, ҚР Мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхметтің, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, әнші, Мәдениет қайраткерлері Қадыр-Майра Қаржауовтардың және ҚР мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері, белгілі компазитор Қалибек Деріпсалдиннің атаулы ағаштары отырғызылды. Бас-аяғы 13 ағаш егілді. Тамыр жайып кеткенше театр ұжымы су құйып, баптап отырады. Мәдениет басқармасы алдағы уақытта атаулы көшеттер қатарын арттыруды жоспарлап отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу