Лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасында не ұсынылған?

Лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасында не ұсынылған?

ПІБ жанындағы Парламентаризм институты Парламент Мәжілісімен өзара іс-қимыл жоспары шеңберінде ойын бизнесі мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Заң жобасының мақсаты – құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу кезінде азаматтарды ойынға тәуелділіктен (лудоманиядан) қорғау, азаматтар мен олардың отбасылары үшін ойынға тәуелділіктің теріс әлеуметтік, экономикалық, құқықтық салдарының алдын алу, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру.

 

2021 жылғы ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында лудомания проблемасына назар аударды.

 

«Соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Біз жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажет», – деді.

 

Заң жобасы Қылмыстық кодекске, сондай-ақ «Ойын бизнесі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», «Жарнама туралы», «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

 

Лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасында не ұсынылады?

 

1. Телекоммуникация және интернет желілерінде бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді;

 

2. Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде мәліметтері бар жеке тұлғалар үшін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға тыйым салу енгізіледі;

 

3. Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстарына тыйым салу және жоғарғы деңгейдегі ұлттық домені бар, салық заңнамасына сәйкес тіркеу есебіне қойылғандардан басқа, тотализатордың және (немесе) букмекерлік кеңсенің электрондық кассаларына тыйым салу енгізіледі ;

 

4. Сот актісі негізінде қызметі Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз деп танылған ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың тізбесі әзірленеді, сондай-ақ осындай тұлғалардың пайдасына төлемдерді жүзеге асыру бойынша қызметтер көрсетуге тыйым салу белгіленеді;

 

5. Уәкілетті орган бекітетін ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың жұмысының, мөлшерлемелерді қабылдау және өткізілетін құмар ойындары (немесе) бәс тігудің үлгілік ережелері енгізіледі;

 

6. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін уәкілетті органда ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың және өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің жұмыс ережелерін келісу міндеті белгіленеді;

 

7. Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысушыларды теріс салдарға әкеп соғатын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың тәуекелдері мен зияны туралы міндетті түрде хабардар ету енгізіледі;

 

8. Ойын мекемелерінде, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың үй-жайларында микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың орналасуына және жұмыс істеуіне тыйым салу енгізіледі;

 

9. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын орналастыруға және таратуға қойылатын талаптар қатаңдатылады;

 

10. Мөлшерлемелерді есепке алу орталығының (МЕАО) жүйесі алынып тасталады, оның орнына салықтық әкімшілендіруді күшейту көзделеді;

 

11. Ойын автоматтары залдарын орналастыру бойынша талаптар қатаңдатылады;

 

12. Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылады;

 

13. Лотерея операторының қызметін айқындау және тоқтату тәртібі, сондай-ақ лотерея операторына қойылатын біліктілік талаптары енгізіледі;

 

14. «Лотерея билеті» ұғымы өзгертіліп, «лотерея түбіртегі» және «электрондық лотерея билеті» ұғымдары енгізіледі;

 

15. Ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде Интернет желісін, сондай-ақ байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдалана отырып, жедел лотереяның лотерея билеттерін таратуға (сатуға) тыйым салу енгізіледі;

 

16. Лотерея операторы үшін уәкілетті органда лотерея өткізу шарттарын келісу міндеті белгіленеді;

 

17. Лотерея операторының бөлімшелерін (лотерея орталықтарын) құқықтық реттеу белгіленеді;

 

18. Тираждық лотереяның жүлде қорын жиырма төрт сағат сайын бір реттен жиі емес ұтысқа салуға шектеу енгізіледі;

 

19. Лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуды (сатуды), лотерея терминалдарын орнатуды құқықтық реттеу белгіленеді;

 

20. Лотерея операторының қызметін тоқтату негіздері белгіленеді.

Жаңалықтармен бөлісу