14 мая, 2025
Лисаковтегі мәдениет сарайы жаңартылады

Лисаковтегі мәдениет сарайы жаңартылады

Қалалық мәдениет және спорт орталығы  өз жұмысын бастағанына 37 жылдай уақыт өткен. Жалпы алаңы жеті мың шаршы метрді құрайтын бұл ғимарат соңғы рет 2017 жылы жөндеуден өткен. Алайда нысанның кейбір бөлігі ескіріп, ауыстыруды талап етіп отыр.

Өткен жылдың күзінде басталған жөндеу жұмыстары екі жылдық жоспарға сәйкес жүргізілуде.

«Қазіргі таңда ғимараттың кіреберіс топтары толық жаңартылып, витраждар мен есіктер орнатылды. Сонымен қатар, негізгі алаң кеңейтіліп, пандус жөнделді, сыртқы қабырғаларға парапеттер қойылды, музейдің витраждары ауыстырылды. Жастар ресурстық орталығының орналасқан бөлігінде электр жүйелері жаңартылып, қосымша жылу секциялары орнатылды. Залдарда да жаңарту жұмыстары жүргізілуде», – дейді қалалық мәдениет және спорт орталығының директоры Лейла Ержанова.

Мәселен, салтанат залына жаңа спорттық линолеум төселіп, төбесіне кіріктірілген жарық жүйесі орнатылған. Үлкен би залының терезелері ауыстырылып, жылу мен жарықтандыру жүйелері жақсартылған. Алдағы уақытта едені мен төбесі жаңартылатын болады. Спорт залында да сыртқы әрлеу жұмыстары мен киім ауыстыру бөлмелерінің жабдықталуы жалғасуда.

«Ғимараттың сыртқы келбеті сақталып, оған декоративті жарықтандыру жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта шатырдың бір бөлігі ауыстырылды, көктемде кейбір ақаулары қалыпқа келтіріледі. Мердігерлердің жұмысына қатысты барлық кемшіліктер тез арада түзетілетін болады», – дейді мекеме басшысы.

Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Лисаков қаласы