Лисаковтағы күндізгі бөлімше жаңа ғимаратқа көшті

Лисаковтағы күндізгі бөлімше жаңа ғимаратқа көшті

Лисаков қаласында он екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан күндізгі бөлімше «Нұрлы жол» балабақшасының қабырғасында орналасқан ғимаратқа көшті. Ол жер бұрынғыға қарағанда, 300 шаршы метрге кеңірек әрі жарық. Бүгінде күндізгі бөлімшеге 20 ерекше бала келіп жүр.

Балалардың қуанышымен бөлісуге Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев та келді.

«2011 жылы наурыз айында әлеуметтік қамсыздандыру саласында тың серпін болды. Моно қалада мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап күндізгі  болу бөлімшесі ашылды. Ерекше балалар қоғамнан шет қалмай, өздеріне достар табуға, өз басқа қырынан ашылуына, төрт қабырғаға қамалып, жалғыздықтан арылуға мүмкіндік алды. Осы жылдар аралығында бөлімше жөнделді, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Ал мұндағы тәрбиеленушілердің жеткен жетістіктері бізді қабылданған шешімнің дұрыстығына көбірек сендірді. Сонымен қатар, біз тағы бір маңызды мәселені қолға алдық. Олардың ата-аналарына көбірек бос уақыт беруге және жұмысқа орналасуларына мүмкіндік жасап отырмыз, – деді Абай Ибраев.

Енді тумысынан денсаулығында ақауы бар және ерекше күтім мен білім беруді қажет ететін балалар орталықта сегіз сағатты толық өткізе алады және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі, ал ата-аналардың бос уақыттары көбірек болып, жұмысқа орналасуларына мүмкіндік туып отыр.

Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Саят Жүсіпов қалалық бюджет қаражатынан 20 млн теңгеден астам қаржы бөлінгенін, оның шеңберінде ғимарат жөнделіп, қажетті жабдықтар сатып алынғанын айтады. Сондай-ақ, балаларды тасымалдау үшін 22,8 млн теңге сомасына электр көтергіші бар JAC SUNRAY мамандандырылған автокөлігі сатып алынғанын атап өтті.

«Орталықты ашқандарыңызға барша ата-аналардың атынан алғыс айтамын. Енді біз үй шаруасымен толық айналысуға, жұмысқа шығуға және қаламызға, елімізге пайда әкелуге мүмкіндік алдық. Орталық мамандарына баға жетпес еңбектері мен балаларымызға деген қамқорлығы үшін алғыс айтамын», – деп атап өтті тәрбиеленуші баланың анасы Любовь Кондражиу.

Соңында қала әкімі Абай Ибраев әлеуметтік жұмысты арқалап жүрген бірқатар әлеуметтік қызметкерді марапаттады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Лисаков қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу