Бұл жолы кеншілер қаласының алты отбасы жаңа қоныс иелері атанды. Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев жерлестеріне көптен күткен кілттерді табыстай отырып, әр адамның өмірінде жайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қала тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін тағы бір маңызды қадам жасалды.
Биылғы жылы әлеуметтік осал топтар үшін бюджет қаражаты есебінен 19 пәтер сатып алынып, оның он баспанасы кезекте тұрған жаңа қоныс иелеріне тапсырылды.
Ерекше сәтпен бөлісуге қуаныш иелерінің жақын-жуықтары да келіпті. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж көп балалы отбасыларға үш бөлмелі пәтердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл оқиға жай ғана алға жасалған қадам емес, қиындыққа тап болған жандар үшін үміт пен сәуленің нышаны.
«Сіздермен қуанышты сәттеріңізді бөлісуге келіп тұрмыз. Биыл облыстық бюджет есебінен 19 пәтер сатып алынды. Бұл жолы алты көпбалалы отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстағалы тұрмыз. Біз үшін өте қуанышты оқиға. Биыл бірінші шағын ауданда әкімшілік ғимаратты 21 пәтерлі үйге айналдырдық. Оған тұрғын үй кезегінде тұрғын бюджет қызметкерлері қоныстанды. Медицина, спорт қызметкерлері мен педагогтерге берілді. Қаламызда осындай қуанышты сәттер көп болсын! Лисаков шаһары көркейе берсін!», – деді құттықтай келген Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.
Көптен күткен кілттерді лисаковтықтарға тапсыру халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Жобаның негізгі аспектілері – тұрғын үй сапасына ғана емес, сонымен қатар ыңғайлы инфрақұрылымды құруға да ерекше назар аударылады. Бағдарламаның тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – сатып алудың жаңа механизмі, ол сапалы және қолжетімді баспана беруге мүмкіндік береді. Осы сәтті күткен көпбалалы отбасылар үшін баспаналы болу сөзбен жеткізе алмайтын қуанышты сәт. Бұдан былай балалардың оқуына, ойнауына жайлы кеңістік болса, ал ата-аналары үшін болашаққа деген үлкен сенімділік.
«Біз бұл жолы алты пәтердің кілтін табыс еттік. Енді екі бөлмелі үш пәтер қалды. Оларды тұрғын үй кезегіне орай ата-анасыз балаларға, отбасының осал топтарына берілетін болатын. Бұған дейін де айтқан болатынмын, жартылай қала қаражатынан бюджет қызметкерлеріне 21 пәтер берілді. Лисаков қаласының әкімдігі Қазақстан тұрғын үй компаниясымен бірге бес қабатты алпыс пәтердің сметалық құжатын әзірлеу үстінде. Бұл алдағы уақыттың еншісінде», – деді Абай Ибраев.
Көпбалалы отбасыларды бірге ере келген туған-туыстары шашу шашып, қуаныштарымен бөлісіп жатты. Бізде осы орайда көпбалалы аналардың қуанышымен бөлісуді жөн көрдік.
Валерия Фризен, бес баланың анасы:
«Бір жарым жыл тұрғын үй кезегінде тұрдық, бес балам бар. Жолдасым жұмыс істейді. Өзім бала тәрбиесімен айналысамын. Алтыншы сәбиімізді күтіп жүрміз. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, жалдап жүрген едік. Қуанышымызда шек жоқ. Анда-мында үй іздеп шабылмаймыз. Тұңғышымыз – тоғыз жаста, ең кішіміз – бір жарым жаста. Балаларымның несібесі шығар. Жаңа жылды өз пәтермізде қарсы алатын болдық».
Ақтоты Мағзұмова, төрт баланың анасы:
«Бүгін біздің отбасымыз 85 шаршы метрлік үш бөлмелі үйге ие болып жатырмыз. Жолдасым екеуіміздің төрт бала сүйіп отырмыз. Кезекке тұрғанымызға бір жыл да уақыт болған жоқ. Міне, пәтер кілтін иеленіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Бұған дейін енемнің қолында тұрып келдік».
Айта кету керек, бүгінгі күні Лисаков қаласында 570 тұрғын пәтер кезегінде тұр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Айбек ЖҮЗБАЙ
Лисаков қаласы