Адалдық, ашықтық, кәсібилік – мемлекеттік қызметшілерден бірінші кезекте талап етілетін сапа. Сондықтан сала мамандарының қызметі ұдайы қатаң бақылауда ұсталады. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында өңірдің мемлекеттік органдарындағы заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды, тоғыз айда атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.
Мемлекеттік қызмет – жауапты міндет! Бұл – жаттанды жалаң сөз емес, мемлекеттік қызметші болудың салмағын сездіретін қағида. Керуен тізгініндегі сала мамандарының шалыс қадамы, ағат әрекеті ел назарынан әсте тыс қалмайды. Сын айтушы да, саланың әлеуетін тыңайтушы да халық. Демек, мемлекеттік қызмет сапасының артып, дами, жетіле, оңтайлана түсуіне билік те, халық та мүдделі. Оның бәрі әуелі мемлекеттік қызметшілердің артылған сенімге, атқарған ісіне деген зор жауапкершілікпен қарауынан басталады.
Осы жиынның мақсаты да сол – мемлекеттік органдарда заңның сақталуын, әдеп нормаларының белден басылмауын қадағалау, жемқорлық тәуекелдерінің, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Отырыс өңірдегі хал-жайға зер салып, тоғыз айда атқарылған жұмыстар қорытып, жаңа міндеттерді айқындауға арналды. Тізгінді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы департаменті басшысының орынбасары Ерлан Салықбаев ұстады. Кеңес мүшелерінің талқысына бірнеше мәселе ұсынылып, құзырлы орын басшыларының баяндамалары тыңдалды. Әуелі облыстық Қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіпова істелген жұмыстар туралы ақпарат берді.
«Біздің басқарма мемлекеттік қызмет көрсетпейді, сондай-ақ бақылау функциясы да міндетіне кірмейді. Дегенмен, қызметімізге мұқтаж болған азаматтармен қашанда тығыз байланыс орнатамыз. Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалар тарапынан басқармаға алпыстан астам арыз, сұрау хат және ұсыныстар келіп түсті. Барлығына тиісінше уақытылы жауаптар берілді. Атқарған жұмыстардың ашықтығы, анықтығы үнемі назарда ұсталады. Ал бюджеттік есептердің сапалы орындалуы жөнінен біздің басқарма ел бойынша алдыңғы қатарда», – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, халықпен кері байланыс орнату үшін сенім телефоны жұмыс істейді және әлеуметтік желілерде өзінің жеке нөмірі көрсетілген. Мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексінің сақталуы тұрғысында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жыл сайын жемқорлыққа қарсы ішкі сараптама жасалады. Осындай шараның арқасында биыл төрт тәуекел анықталып, дер кезінде Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне арнайы хат жолданған. Нәтижесінде бұл түйткілдер оң шешімін тауыпты.
Лисаков қаласының әкімі Абай Ыбыраев та Әдеп кодексі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстары туралы кеңінен баяндап берді. Оның мәліметінше, соңғы он жылда қала әкімдігінде қызметкерлердің жемқорлықпен ұсталу дерегі тіркелмеген. Осы көрсеткішті бәз қалпында сақтап қалу жолында күш жұмылдыра түсетінін айтады шаһар басшысы.
«Тоқсан сайын заң бұзушылыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, нәтижелері әлеуметтік желілерге жарияланып отырады. Жыл басынан бері заңға қайшы әрекет анықталған жоқ. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жоба аясындағы түсіндіру жұмыстары да нәтиже беруде. Халық арасында мемлекеттік орган жұмыстарының сапасына қатысты анкета жүргізіліп отырады. Тұрғындар тарапынан шағым түскен жоқ», – дейді А.Ыбыраев.
Қала әкіміне кеңес мүшелері бірнеше сұрақ қойды. Соның бірінде тоғыз жұмыс орнының неліктен әлі күнге бос тұрғаны сұралды. Оған Абай Ыбыраев бұл бос орындардың шілде-тамыз айларында пайда болғанын, кадр толымсыздығының ешқандай себебі жоғын, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Ерлан Салықбаев қала әкіміне нақтылы ұсыныстар айтты.
«Лисаковта қызметкерлердің жемқорлық дерегімен жауапқа тартылу дерегі 4 есеге кеміген. Қалада облыстық, республикалық деңгейде әдеп жөнінде форумдар өткізгені де жақсы бағаға лайық. Енді ол ауқымды жиындар негізінде белгілі бір шешімдер шығарып, оны жария етуді ұсынамын. Мемлекеттік қызметке апта сайын мониторинг жүргізуге кеңес береміз. Органдарда қызметшілердің жүріс-тұрыс, кіріс-шығыс әрекеттерін қадағалайтын заманауи бақылау жүйесіне баса мәнберуге шақырамын. Жемқорлыққа «нөлдік» шыдамдылық қағидатын алға қоя отырып, жастар қозғалысын белсенділендіре түсу қажет», – деді Е.Салықбаев.
Бұдан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Дархан Әбдікәрімов сөз алды. Ол да инспекция қызметкерлері арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында жасалған жұмыстарды баяндап берді. Жыл басынан бері Әдеп кодексіне қайшы, жемқорлыққа итермелейтін әрекеттер тіркелмегенін тілге тиек етті. Басқа да органның басшылары кеңес мүшелері алдында тоғыз айдың есебін берді. Жиын соңында Ерлан Салықбаев әріптестерін мемлекеттік қызметтің беделін көтеру бағытындағы жұмысты күшейте түсуге шақырды.
Жандос ЖҮСІПБЕК