Лисаков қаласында дәрігерлерге пәтер кілті табысталды

Лисаков қаласында дәрігерлерге пәтер кілті табысталды

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев дәрігерлерге пәтер кілтін табыстады. Бұл тосынсый жас мамандар мен үйсіз жүрген медицина қызметкерлерін қуантып тастады. Барлығы 12 медицина қызметкерінің отбасы жаңа пәтерге ие болды.

Өткен жылы Лисаков қаласында «Мирас» медициналық орталығының әкімшілік ғимаратының бос тұрған бөлігін пәтерлерге қайта жаңарту жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Медициналық орталықтың бір бөлігін Лисаков қаласының Құрметті азаматы Ғалым Садықов табыс етті.

«Қаламызда дәрігерлер мен медицина қызметкерлері асқан жанкештілікпен еңбек етіп келеді. Күнделікті қалалық емхананың қабылдау бөліміне 70-80 тұрғын, орта есеппен күн сайын емхананың стационар бөлімшесіне 1500-ге жуық науқас келеді. Бұл цифрлардың артында сіздердің баға жетпес еңбектеріңіз тұр», – деді Абай Ибраев марапаттау рәсімінде.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан медициналық университетін бітіріп келген Жаңабек Бисалин моно шаһарға келгеніне биыл төртінші жыл. Бұған дейін ол шиеттей балаларымен пәтер жалдап тұрған.

– Қалалық аурухананың балансындағы пәтерде тұрып келдік. Пәтер кезегін күтіп жүр едік. Биыл отбасымызға тағы бір сәби өмірге келгелі тұр. Тұрғын үйіміздің аумағы кеңейгені біз үшін қуанышты. Бүгін мен үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Соңғы екі жылда Лисаков қалалық емханасына 20 маман келді. Жағдайымызды жасап жатқан қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді Лисаков қалалық емханасының амбулаториялық-емханалық бөлімше меңгерушісі Жаңабек Бисалин.

Айта кетейік, жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 165 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қала басшылығы 1 шағын ауданындағы тағы бір ғимаратты қайта жаңартуды жоспарлап отыр, бұл да медицина мамандарына берілмек.

Бүгінгі таңда Лисаков қаласы мен Октябрь кентінің медициналық ұйымдарында төрт жүзден астам маман жұмыс істейді.

 

Лисаков қаласы

Жаңалықтармен бөлісу