Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «#ОқыЖәнеЖең» атауымен облыстық кітап оқу байқауының төртінші кезеңі өз жұмысын бастады.
Аталған байқау оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, зияткерлік әлеуетін дамыту және жас ұрпақтың рухани мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар арнайы тіркеуден өтіп, жас ерекшеліктеріне қарай таңдалған кітаптарды оқыды. Әр оқылған шығарма бойынша қатысушылар онлайн форматта тест тапсырмаларын орындады.
Тест нәтижесі бойынша үздік деп танылған оқырмандар келесі кезеңге жолдама алды.
Байқау үш жас санатына бөлініп өткізілуде. Атап айтқанда, 10–14 жас, 15–18 жас және 19 жастан жоғары қатысушылар үшін жеке-жеке әдеби туындылар іріктеліп ұсынылған. Әр санатқа сәйкес мазмұны мен күрделілігі жағынан ерекшеленетін кітаптар таңдалып, оқырмандардың жасына сай білім деңгейін бағалауға басымдық берілген.
Бүгінгі күні байқаудың шешуші кезеңдерінің бірі – эссе жазу кезеңі өтіп жатыр. Алдыңғы іріктеу сынақтарынан сүрінбей өткен 122 қатысушы өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, оқыған шығармаларынан алған әсерлері мен тұжырымдарын эссе арқылы жеткізуде.

Байқау жайлы Л. Толстой атындағы облыстық кітапхананың директоры Сәния Серікқызы кеңінен айтып өтті.
– «#ОқыЖәнеЖең» жобасы жылдан жылға кең ауқым алып, облыс тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырып келеді. Бұл байқау жастарды ғана емес, ересек оқырмандарды да кітап оқуға ынталандырып, оқырман мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, – дейді кітапхана директоры.
Айта кетейік, байқау қорытындысы алдағы уақытта жарияланып, үздік деп танылған қатысушылар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «#ОқыЖәнеЖең» жобасы алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
