Курстан түйгеніміз көп

Курстан түйгеніміз көп

Мен үшін психологияның артықшылығы – ол біздің өміріміздің барлық салаларын қамтуға қабілетті. Мектепте, оқу орнында, жұмыста, отбасымен бірге, адамдармен қарым-қатынаста, жеке тәжірибелерде – біз күн сайын көптеген мәселелерді шешуге тырысамыз, қиындық тудырған жағдайларды жеңуге ұмтыламыз және мұндай сәтте психология бізге көмектесетіні анық. Дегенмен бұл бір бөлшегі ғана. Анықтап көз жүгіртетін болсақ, психология сан түрлі құбылыстарға, әдістерге, тарау- ларға бөлінетін өте қызық сала екенін байқаймыз.

Мен аз жинақталған мектепте психолог болып жұмыс атқарамын. Біраз жылдан бері психолог маманы болмаған еді. Сондықтан үлгі ретінде пайдаланып қарайтын құжаттар да болмады. Осы орайда психолог жұмысының барысын, қыр-сырын білмекші болып, биылғы оқу жылы «Жас педагог-психолог мектебі» облыстық жобасы шеңберінде жас мамандарды оқыту курсынан өттім. Аталмыш жобаның көздегені – Қостанай облысының педагог-психологтарын қолдау, олардың кәсіби өсуіне және кәсіби құзыреттерін арттыруға жәрдемдесу. Жоба барысында біз, психолог жұмысының негізгі принциптері мен құрылымын, сонымен қатар жергілікті және халықаралық тәжірибені ескере отырып, кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау, аутодиструктивті мінез-құлықтың, буллинг және кибербуллингтің алдын алу бойынша бағыттар, әдіс-тәсілдер, жаттығулармен танысып, өзара тәжірибе алмастық.

Сонымен қатар жоба барысында білім беру мекемелерінің педагог-психологтарының кәсіби қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, білім беру процесін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесіндегі педагог-психологтың қызметін реттейтін және қамтамасыз ететін құжаттама мәселелерін қарастырдық.

Жас мамандарға педагог-психологтың кәсіби қызметі бойынша халықаралық, рес- публикалық, өңірлік деңгейдегі заңнамалық-құқықтық актілер, нормативтік құжаттар таныстырылып, ұсынылды. Сонымен психологтың арнайы ұйымдастырушылық-әдістемелік құжаттары, жоспарлары таныстырылды. Оларды қалай құрау жөнінде ақпарат берілді.

Ғ.Мүсірепов айтып кеткендей, бүкіл азаматтың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленуіне, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты. Сондықтан психологқа артылған жүк орасан зор. Оқушылардың ата-аналармен ұстаздардың психологиялық күйіне назар аударып, олардың өзара қарым-қатынасын зерттеп-зерделеп отыратын маман. Психолог өзінің біліктілігінің арқасында ғана білгір маман бола алады. Ол мектепте оқушылар, ата-аналар, ұстаздар үшін мотиватор, дұрыс жол көрсетуші, сырыңды ашық айта алатын адал дос болуы керек.

Мен өз мектебімде жайдарлы психологпын. Мектебімде оқушылар саны аз болғандықтан, әр оқушыны сырттай бақылап жүремін. Олардың көңіл-күйі болмаса, мән-жайды сұрап, түрлі мәселе туындаса, лезде алдын алып, онымен кеңес, диаг- ностика т.б. жұмыстарды өткізуге тырысамын. Себебі қазіргі цифрлық заманда оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларды жіті назарда ұстау шарт.

Осы орайда, «Жас педагог-психолог мектебі» курсында алған білімімді өз мектебімде сынап жүрмін. Айталық, ата-аналар клубында, ата-аналар, мектеп жиналысында түрлі тақырыптарда сөз сөйлеп, психологиялық тренинг, жаттығулар өткізіп, ата-аналар, әріптестер де қолдау білдіріп, жұмыла жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Қорытындылай келе, бұл жоба өте сәтті өтті деп айта аламын. Аймағымыздың біршама психологтарын білім нәрімен сусындатып, психолог жұмысының қыр-сырымен таныстырды. Психологтардың өзіне деген сенімі молайып, теориялық алған білімдерін тәжірибе жүзінде жасап көру үшін жұмыстарына білек сыбана кірісті. Курс аяқталысымен психологтарға сертификат берілді.

Ванга ҚАРЫМСАҚОВА,

Меңдіқара ауданы білім бөлімінің Теңіз негізгі орта мектебінің психологы

Жаңалықтармен бөлісу