Күн тәртібінде – өңірді дамытудың маңызды мәселелері

Күн тәртібінде – өңірді дамытудың маңызды мәселелері

Облыстық мәслихаттың «АМАNАТ» партиясынан сайланған депутаттары қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы турасында бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен брифинг барысында баяндады.

Партия жобаларының басым бөлігі ел әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Жастарға жұмыс» және т.б. Осы ретте депутаттар облыс көлеміндегі шалғай ауылдарды аралап, халықты сапалы сумен үй, жұмыс орнымен,  жайылыммен, қолжетімді медицинамен қамтамассыз ету мәселелерін шешіп жатыр. Сонымен қатар, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуда. Мәселен, Жол картасында белгіленген мәселелер  кезең-кезеңімен біртіндеп шешілуде.

«Облыста дәрігерлердің тапшылығы 300-ден астам маманды құрайды. Скринингтік қаржыландыруды 1 млрд теңгеге арттыруға қол жеткіздік. Жылжымалы кешендердің арқасында халықты қамту ұлғайды. Әйткенмен, қант диабетінен бастап, онкологияға дейінгі аурулардың көбейіп, дәрігерлер тапшылығы мәселесі одан сайын шиеленісе түсті,– дейді денсаулық сақтау және білім мәселелері бойынша облыстық кеңесінің төрағасы Татьяна Булгацевич.

Жиында ауыл шаруашылығы, экономикасының оңтайлы шешілуі төңірегінде де сөз қозғалды.  Әрбір депутат өз саласында көкейтесті мәселелердің көтеріліп , шешімі табылып жатқандығын баса айтты.

«Бүгінде  киіктердің даланы жайлап алуы, шегірткемен күрес секілді сұрақтардың туындап отырғаны жасырын емес. Салдарынан шаруалар қыруар шығынға ұшырауда. Жақын арада ауыл шаруашылығы вице-министрімен бейнеконференция болады, сол жерде осы мәселелерді көтеретін боламыз»,  – деді экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Мади Ихтиляпов.

Әсел Қибаш

 

Жаңалықтармен бөлісу