Қостанай облысы жастар ресурстық орталығы және Қостанай қаласы ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтті. Іс-шараның көздегені – туған өлкені, қоршаған ортаны таза ұстау.
Бұл жолы ұйымдастырыған іс-шараның форматы өзгерек. Акция ойын түрінде болды. Яғни, қатысушылар командаға бөлініп, қапқа қоқыс жинап жарысты. Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков экологиялық акция жиі өткізіліп тұратынын жеткізді.
“Акцияға шамамен 70 адам қатысуда. Олардың қатарында жас белсенділер, жастар ресурстық орталығының өкілдері, ассамблея жұмыскерлері және еріктілер бар. Сондай-ақ, “Жасыл ел” еңбек жасағының мүшелері мен “NECO” экологиялық клубының мүшелері белсенді атсалысты. Экоакция Қостанай қаласында ғана емес, аудан, ауылдарда да жалғасын тапты. Жалпы облысты қамтыды. Жастарды осындай экологиялық акцияларға тарту арқылы оларды табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экомәдениетін қалыптастыра аламыз”, – деп атап өтті Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков.
Экологиялық акцияға белсенді қатысқандардың бірі – Дана Тоғжанова. Ерікті “Таза Қазақстан” акциясына қатысуға құрбы-құрдастарында үгіттеп жүр.
“Ерікті болғандықтан жақындарымды акцияға атсалысуға шақырамын. Өскен ортасын, туған өлкесін таза ұстауға әр адам жауапты деп білемін. “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы біздің ортақ мүддемізді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Өңір тұрғындарын бұл бастамаға белсенді қатысуға шақырамын”, – дейді ерікті Дана Тоғжанова.
Жиналған қоқыстар қапшықтарға түйіліп, қаладағы мердігер ұйымдардың көмегімен полигонға апарылады, кейбір қалдықтар өңдеуге жіберіледі.
Акция соңында командалар жинаған қоқыс қапшықтары өлшеніп, жеңімпаз команда марапатталды.
Жанболсын НОҒАЕВ
Суретті түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ