Көші-қон қызметі құжаттарды тұрғындардың үйіне барып рәсімдеп жатыр

Көші-қон қызметі құжаттарды тұрғындардың үйіне барып рәсімдеп жатыр

Облыста әлеуметтік маңызы бар бастама жалғасып келеді — көші-қон қызметінің мамандары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеке куәлік пен басқа да жеке басты куәландыратын құжаттарды үй жағдайында рәсімдеуді ұйымдастыруда. Бұл бастама денсаулығына байланысты мемлекеттік мекемелерге өздігінен бара алмайтын жандарға мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етуді мақсат етеді.

Мобильді құжаттандыру — әр азаматқа деген қамқорлық пен құрметтің көрінісі. Енді жеке куәлікті немесе паспортты алу үшін үйден шығу міндетті емес. Бұл, әсіресе қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар және ауыр дертке шалдыққандар үшін үлкен көмек.

Осындай іс-шаралардың бірі барысында полицейлер 85 жастағы Қостанай қаласының тұрғынына жаңа жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге көмектесті. Көз жанарынан айырылған және төсекке таңылған қарт кісі үшін құжаттарды оның қызы сенімхат негізінде рәсімдеді.

Ол полиция қызметкерлеріне қамқорлығы мен жедел көмегі үшін алғыс айтты.

«Қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл — үлкен көмек. Қамқорлық пен құрмет көрсеткендеріңізге алғысымыз шексіз», — деді ол.

Айта кетейік, 2024 жылы Қостанай облысында осындай 519 мобильді құжаттандыру шарасы өткізілген. Ал ағымдағы жылдың басынан бері — 211 рет үйге келу арқылы құжат рәсімделді. Бұл көрсеткіштер бастаманың қаншалықты маңызды әрі сұранысқа ие екенін айғақтайды.

Полиция қызметкерлері еске салады: егер сізге немесе жақындарыңызға осындай қызмет қажет болса, тұрғылықты жеріңіздегі көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгінуіңізге немесе 1414 — Бірыңғай байланыс орталығының нөміріне хабарласуыңызға болады.