Көшеттерді бүлдіріп, қашып кеткен

Көшеттерді бүлдіріп, қашып кеткен

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев инстаграм парақшасында жаңадан отырғызылған көшеттердің сынып, көше бойына орнатылған гүл құмыраларының жоғалып кетіп жатқаны туралы жазған еді. Аталған факті бойынша 200 мың теңге шығын келтірілген.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының бастамасымен полицейлер оқиға орнын тексерді. Нәтижесінде, ақ түсті “Мерседес” көлігінің таңғы сағат жеті жарымда қатты жылдамдықпен келіп ағашқа соғылғаны бақылау камерасына түсіп қалыпты.

– Сағат 7:24-те ақ “Мерседес” Темірбаев көшесінен шығып, Досжанов көшесіне бұрылғанда тізгінге ие бола алмай, жолдың жиегінен шығып кетіп жас көшеттерді сындырып, басып кеткен. Онымен қоймай, оқиға орнынан қашып, ізін жасырды, – деді қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының кезекші инспекторы Бөгенбай Қалиев.

Полицейлер аталған көліктің жүргізушісін іздеуде. Кінәлі қолға түссе заң аясында тиісті жазасын алады. Ал, бүлінген ағаштарды қайта қалпына келтіру мүмкін емес көрінеді. Орнына егетін басқа көшет жоқ. Себебі, ол жерге отырғызылған қарағайлар Башқұртстан елінен арнайы әкелінген болатын.

Қ.Мұратбекқызы.

Жаңалықтармен бөлісу