Облысымызда бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталған. Барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Тек өнеркәсіп саласы 3,5%-ке төмендеген. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмысты дұрыс атқармаған Аманкелді, Денисов, Федоров аудандарының әкімдері мен Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Қарасу ауданы әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды.
Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1 337,4 млрд теңгеге өнім өндірген. Оның ішінде тау-кен өндіру секторында 368,5 млрд теңгеге, өңдеу секторында 922,2 млрд теңгеге өнім өңделді.
–Дегенмен өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарған өңірлер де бар. Мысалы, Меңдіқара, Денисов, Қарасу, Қарабалық аудандары мен Лисаков қаласында өндіріс көлемі қысқарған. Ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда ең үлкен өсім Жітіқара, Б.Майлин және Қостанай аудандарында байқалатынын айта кету керек. Ең төменгі өсу қарқыны Арқалық, Қостанай және Денисов аудандарында тіркелді, – деді облыстық әкімдікте өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Г.Мұсағазина.
Макроэкономиканың барлық көрсеткіші бойынша Қостанай ауданы толыққанды оң өзгеріс көрсете білген. Ең төменгі көрсеткішті Аманкелді және Қарасу аудандары көрсетіп, көштің соңында келеді.
Қостанай ауданының әкімі Б.Таңжарықов жыл басынан бері ауданда жағдай тұрақты екенін жеткізді.
–Құрылыс саласы 2,7 есе ұлғайған. Инвестиция көлемі – 15,6% артып, аудан экономикасына 12,9 млрд теңге тартылған. Инвестицияның басты бағыты ауыл шаруашылығы саласына, сонымен қатар кәсіпкерлік нысандардың құрылысы мен жаңғыруына бағытталып отыр. Жыл басынан бері 27,3мың шаршы метр баспана салынған. Жыл аяғына дейін 23,6 мың шаршы метр баспана салынады деп жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.
Ауданда қолға алынған негізгі жобалардың бірі терезе өндірісін инновациялық трансформациялау бойынша зауыт салу. Инвестиция көлемі 300,0 млн теңгені құрайды, қуаты айына 3,0 мың шаршы метрге дейін жетіп, 25 мың жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, құны 250,0 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету үшін “Techsystems & Bourgalt” техникалық орталығының шеберханасының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта ғимараты салынды, электр қуаты қосылды, сумен жабдықтау да жүргізілген. Ішкі әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұдан басқа, ерітінді-бетон торабы мен газ-блокты бұйымдар шығаратын зауыт құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, жобаның құны 30 жұмыс орнын құрумен 100,0 млн теңгеден асады.
Жалпы, жақын арада ауданда 1,0 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 200,0 млрд теңгеге 20 жобадан тұратын пул қалыптастырылуда. Инвестициялық жобалар өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады, осылайша оның өнеркәсіп құрылымындағы үлесін арттырады.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін төмендетіп отырған екі ауданның бірі – Қарасу ауданы. Ауданда әлеуметтік-экономикалық дамудың 5 негізгі көрсеткіші бойынша құлдырау байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 млрд 572 млн теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 81,1 % – ға төмен.
– Көрсеткіштің төмендеуіне бірнеше факторлар әсер етті,
– деп ақталды аудан әкімі өз сөзінде.
– 2023 жылы “ҚТЖ” АҚ 4 млрд теңге сомасына темір жолдарда жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мұндай жұмыс түрлері жыл сайын жүргізілмейді. Өткен жылғы егін жинау науқаны кезінде де ауа райы қолайсыздық етті. Соның кесірінен сапасыз әрі аз өнім алдық. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайына теріс әсерін тигізді. Инвестиция тарту бойынша жұмыс жалғастыратын боламыз. Құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші айтарлықтай төмендеп, 28 млн теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 99,4% – ға төмен. Аудан аумағында 14 тұрғын үй құрылысы және 2 қабатты үйді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 3 млрд теңгеге жетеді. Ет өндірісі де төмендеді, – деді аудан әкімі Қ.Оспанов.
Көш соңында келе жатқан Аманкелді ауданының да көрсеткіштері қуантарлық емес. Бюджеттік инвестиция 96 млн теңгеге орындалмаған. 2023 жылдың жарты жылдығында Қарасу ауылында су беру жүйесін құрылымдау бойынша 108 млн теңгег құйылған, биылғы жылы мұндай ірі жоба екінші жартыжылдыққа ғана жоспарланып отыр. Жеке меншік инвестиция бойынша 2023 жылы ауа райының қолайсыз болуынан ауыл шаруашылығы құрылымдары күткендегідей нәтижеге қол жеткізе алмаған. Соның әсерінен биыл шаруалар жаңа техника сатып ала алмай, жеке меншік инвестиция көлемі де қысқарған. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтыр – 1 021,9 млн болса, биылғы көрсеткіш – 548,5 млн теңге.
–Екінші жартыжылдықта «Сары Адыр KZ» серіктестігі Үштоғай ауылында жалпы құны 1 млрд теңгенің, ауданы 785 гектар болатын ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңбырлатып суаратын ининвестициялық жобаны іске қосатын болады. Қазіргі таңда жобаның 90 пайызы дайын. Сонымен қатар Аманкелді ауылдық округінде «2020» шаруа қожалығы «3000 бас Еділбай асыл тұқымды қой өсіру» жобасын қолға алды. 40 млн теңгеге 500 бас қой сатып алынды. Енді тағы да 600 бас қой сатып алмақшы. Ауданға инвестициялар тартып, жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Көктемгі су тасқынының салдарынан құрылыс жұмыстары уақытынан кеш басталды. Соның кесірінен көрсеткіш көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда төмен, – деді аудан әкімі Талғат Карбозов.
Жоғарыда көтерілген мәселе жергілікті билікті айтарлықтай алаңдатып отыр. Жауапты басқарма басшылары мен кейбір аудан әкімдері көрсеткішті жедел дұрыстауға кіріспесе, өңірдің жоспарлы тапсырмаларын орындай алмай қалуы мүмкін. Осы мақсатта облыс әкімі тиісті орындарға тапсырма берді.
–Жақсы көрсеткіш көрсетуге барлық жағдай бар. Тек жүйелі жұмыс керек. Қандай да бір жобаны қолға алған соң оны жүзеге асыру керек. Инвестиция тартуды ойлаңыздар. Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі төмендемесін, биыл ауа-райы да қолайлы, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев