Көркем әдебиетті басып шығарумен айналысатын баспалардың жұмысына қолдау жасалатыны туралы Парламент Мәжілісінде қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің баспа индустриясын дамыту тақырыбындағы жиында палата депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Депутаттар осы бағыт бойынша бастама жасаған еді. Оның аясында арнайы заң жобасы дайындалып, соған бірқатар түзету енгізіліп, құжат Үкіметтің қорытындысын алуға жолданды. Бұл заң жобасы 2 апта ішінде Парламентке енгізілгеннен кейін, бізде жұмыс тобы құрылады», – деді А. Аймағамбетов.
Алдағы уақытта авторлық құқық бойынша ұсыныстар аталған заң жобасында ескерілетін болды.
«Саладағы салық бойынша жеңілдіктерді қарастырамыз. Бұл өз кезегінде мемлекеттің кірісіне айтарлықтай нұқсан келтірмейді деп санаймыз. Салық жеңілдіктері нақты осы секторды қолдауға тиімді қадам болмақ. Екіншіден, субсидия беру мәселесі де маңызды. Бірақ субсидияны тиімді тәсілдермен іске асыруымыз керек. Қолдауды қажет ететін баспаларға немесе авторларға беруді қарастырған жөн. Сондықтан субсидияны егжей-тегжейлі талқылаймыз», – деді депутат.