Көп балалы анаға баспана сыйлады

Көп балалы анаға баспана сыйлады

Еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында «Dauletten қайырымдылық қоры» Арқалық қаласында көп балалы анаға баспана сатып әперді.

2020 жылдан бері қайырымдылық іспен айналысып келе жатқан қор кезекті пәтер кілтін көпбалалы ана Нұргүл Өтемісоваға табыстады. Қоныс тойын тойлаған 4 бүлдіршіннің анасы балаларымен өз шаңырағының табалдырғын аттағандарына дән риза.

Бұл аталмыш қордың атынан берілген 74 – ші баспана кілті. 16 млн теңге көлемінде қаражатқа алынған 2 бөлмелі пәтер толық жиһазбен және қажетті ыдыс-аяқ, төсек-орындармен жабдықталған. Сондай-ақ, қордың атынан берілген қосымша 1 млн теңгеге үйге қажетті тұрмыстық техникалар да сатып алынды. Тоңазытқыш, теледидар, үстел, орындық т.б керек заттардың барлығы сыйға берілді. Қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінен алынған пәтердің іші жылы, жарық, балаларға жайлы.

Жаны жабырқау жанға жылулық сыйлаған қор Меруерт есімді кішкентай қыздың балалық арманын орындады. Енді, ол «үлкен болғанымда үлкен үйде тұрамыз» деп шаттанып отыр.

Осылайша, қиындыққа қарсы тұрған жалғызбасты ананың баспана мәселесі оң шешімін тапты. Бұған дейін аядай бөлме жалдап, от жағып, күл шығарып қиындық көріп жүрген жас ананың бар арманы 4 баласымен жылы үйде тұру еді. Қылышын сүйретіп келген қыс мезгілінде еш алаңсыз өмір сүруге болатынын айтады.

«Дәулеттен қорына Алла разы болсын. Шынымды айтсам мұндай болады деп күтпеп едім. Елеп, ескеріп, үйді өздері келіп табыстап жатқандарына алғысымды білдіремін», – дейді қуанышты ана Нұргүл Серікқызы.

Айта кетсек, бұған дейін де бұл қор 62 – ші баспана кілтін 2 ерекше бала тәрбиелеп отырған Айжан есімді жерлесімізге табыстаған болатын.

 

                                                                     Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу