«Далада қалуымыз мүмкін». Редакциямызға мұңын шағып келген Шолпан Батырғалиева осылай дейді. Қостанай ауданы, Тобыл қаласында үй кезегінде тұрғанына 9 жыл болған. Алайда, кезегінің жылжитын түрі жоқ.
Шолпан екінші топтағы мүгедек қызымен Қостанай қаласында пәтер жалдап жүр. Пәтерақы қымбат, кейде төлеуге шамасы келмей, тапқан-таянғаны жетпей қалатын кездері бар.
– Жолдасымнан былтыр қыркүйек айында айырылып қалдық. Содан бері жағдайымыз қиындап кетті. Балам мүгедек. Қазір Әуежай шағын ауданында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Құны қымбат болып тұр. Дәріге әзер жеткіземіз. Өзім де науқаспын, дәрі ішемін. Мәселемді айтып Қостанай ауданының әкімдігіне барғанмын. Әкімдіктегілер кәсіпорын жұмыскерлері жататын екі жатақханаға алып барды. Ол жерден шошып келдім. Барлығы еркектер. Асханасы мен дәретханасы ортақ. Ондай жерде науқас баламен қалай тұрамын, – дейді Шолпан.
Қостанай ауданының әкімдігімен байланысқан едік. Аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Қайыржан Құрманғалиев былай деп жауап берді:
«Шолпан Батырғалиева бізге бірнеше рет келген. Аудан әкімінің қабылдауында болды. Қазір Қостанай ауданында әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 2927 адам бар. Мүгедектік санаты бойынша 682 адам, бұл кісілер кезекте 324-ші болып тұр. Біз бұл кісіге қабылдаудан соң жатақханадан бөлме көрсеттік, бірақ ол кісі онда тұрудан бас тартты. Пәтер алып немесе жалдап беретін әкімдікте бағдарламалар жоқ. Әлеуметтік тұрғын үйлер салынып жатқан жоқ. Бұрын әлеуметтік пәтер алғандар қайта тапсырған жағдайда кезекпен беріледі».
Жауаптан белгілі болғандай, Шолпанның жағдайы қазір шешіле қоятын мәселе емес секілді. Не істеу керек? «Сізге арналған бағдарлама жоқ» деп тұрғынның бетін қайтарғаны дұрыс па? Мұндайда көмек қолын созуға даяр демеушілер табыла қояр ма? «Ең болмағанда жалдау ақысы 60-70 мың теңге болатын пәтер тауып берсе» дейді Шолпанның өзі. Тым құрығанда дәріге артық ақша алып қалғысы келеді. Осы орайда, оған жәрдемдесемін дегендер болса, біздің редакцияға хабарласуға болатынын айта кеткім келеді.
Шолпан «азық-түлік қоржынын үлестіріп жатыр» дегенді естіп, Мешітке де барыпты. «Бермей жіберді» деп күйінеді азаматша. Біз осы мәселемен мешіт өкілі Бақытжан Икрамға хабарласқан едік.
– Тосынан келген адамдарға берілмейді. Алдын ала тіркеліп, мүгедектігін дәлелдейтін құжатты ұсынуы керек. Індет кезінде азық-түлік қоржынын үйлерге жеткізген уақытта жағдайы бар, тіпті екі қабатты үйде тұратын адамдардың алғанын көрдік. Содан бері растайтын құжат сұратамыз. Шын мұқтажға береміз. Біз де демеушілерге есеп береміз ғой. Сол сияқты бұл кісі де құжатын алып келіп, тіркелсе келесі қайырымдылық іс-шарасында алатын болады, – дейді Бақытжан Икрам.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ