Көкпардың көкжалы немесе Тұман тұлпардың тектілігі

Көкпардың көкжалы немесе Тұман тұлпардың тектілігі

Серкені тақымға қысқан ұлттық ойындар бәсекесінде Торғай командасының көкпаршылары топ ішінен суырылып шығып, екі мәрте жеңімпаз атанды.

Осылайша, Торғайда ат спорты қайта жанданды. Аудан-ауыл жастарының, әсіресе, көкпарға деген қызығушылығы артты. Аса ептілік пен қырағылыққа бой үйретіп, қазандыққа салу әдісін жастар жағы жетік меңгеруде. Жаз шыға, Ұлыстың ұлы күні мен Жеңіс мерекесінің  көкпармен сәнін келтірген бәсекеге 8 команда қатысып, жанкүйерлердің делебесін қоздырған болатын. Торғай командасының бұл жеңісі команда басшысы  Жәнібек Қалиевтің арқасы деп біледі жұрт. Астындағы Тұман атты сәйгүлігі көкпар ойынына әбден төселіпті. Ат иесі көк серкені жерден іле бергенде астындағы аты ыңғайланып, қазандыққа қарай жүйітки жөнеледі. Алты жасынан аттың құлағында ойнаған Жәнібек осылай көкпардың көкжалы атанды.

«Бала кезімнен атқа сондай үйір болдым. Қорада тұрған тайларды жүгендеп алып, ауыл сыртына шабатынмын. Өскенде атбегі болсам деп көп армандадым. Алты жасымда ат жарыстарға қатысып, «машықты шабандоз» атандым. Ол кезде  бапкерім марқұм Серік Қабажаев еді. Сол кісіден ат баптауды үйрендім. Қазір көкпарға атымды өзім баптап, әдіс-тәсілдерге үйретіп жүрмін. Тұлпарым әбден төселіп алды. Менің ыңғайыма қарай бағытталып тұрады. Жердегі серке қолыма ілінгенін бірден сезіп, шаба жөнеледі. Былтырдан Торғай жастары команда құрып, бір мезгіл Атшабар алаңында дайындаламыз. Бәрі көкпарға машықтанып алған. Бірлігіміздің арқасында жеңіс туын желбіретіп келеміз. Облыстық жарыстарға қатысу ойымызда бар», – дейді Жәнібек.

«Көкпардың көкжалы» атанған Жәнібек бұған дейін аудандық өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеді. Қазір жергілікті коммуналдық кәсіпорын мекемесінде инженер. Негізгі мамандығы  – теміржолшы. Отбасылы. Үш баланың әкесі. Жұбайы аудандық тілдерді оқыту бөлімінде істейді. Торғай жерінде ұмыт болып бара жатқан ат спортының қайта жандануына себепкер болған,  ауданымыздың мақтанышына айналған айтыскер ақын Асылхан Сәлімжанның мына бір жыр шумағы тегін емес. Онда ақын Тұман тұлпарды керемет суреттеген екен:

Жылқының жел есетін жалы барда,

Аламанның алдынан табылар ма?!

Тұман тұлпар әмбебап жүйрік боп тұр,

Бақ пен бабы сай келген палуанға.

Көкпардың көк серкесі түк те емес,

Тұманда қасқыр алған жануарға.

Жанкелдин ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу