Көкбөрі Мүбәрәк Қизатұлы. Сатиралық шығармалар топтамасы

Көкбөрі Мүбәрәк Қизатұлы. Сатиралық шығармалар топтамасы

ТӨРЕҒАЛИ ТҮС КӨРДІ
(Фельетон)



Төреғали түс көрді. Таңғы ас үстінде бетін сипалап, қолдарын уқалап, мыж-тыж боп отырып:
– Мен түс көрдім, жандарым. Түсімде Толқыным екеуміз – қара, өзіміздің кәдімгі қара Lexus-пен жүйткіп келеміз. Арт жағымнан бір сұры қол сусын берді, ішіп жіберсем аузымды күйдіріп барады, сырты сұры күмістей 40 пайыздық Онегин екен.
Бетімді ауызымды ыстық күйінде сипалап қызарып кеттім. Сол кезде әлгі сұры қол:
– Тынышталасың, -деді де шөп берді. Көкнардың өзі, кеңсірігіме тақап бір иіскеп жіберіп, соны шегіп ем жағам жайлауда, көңілім тынышталып, әйеліммен соншама бақытты екенім басыма келіп еліріп айхайлай бастадым. Бағдаршамдардың жанынан тепкілене өттім. Музыка деген даң-даң… Жан-жағым улап-шулаған дауысқа айхайға, полицей көліктерінің көгілдір жарқылына толып кетті де, көлігімді көліктерімен жан-жақтан қысып ролде отырған мені екіқабат Толқынның шыңғырған дауысына қаратпай аяғымнан сүйреп ролден жұлып алып сыртқа шығарды. Айхайлап тыпырлаған мені төменге қарай сүйреп, суырып алған соң тас еденде екпеттетіп, қолдарымды матап, жауырынымнан басып алып кетті. Сол кезде күйеу баласы Ернармен бірге төркіндеп келген томпақ, кіші қарындасы Дина:
– Бүгін не түс көрдіңдер. Түс айтайықшы. Аға, мен де саған қатысты түс көрдім. Түсімде енді нақты сіз көргендей емес. Бірақ, басқаша. Сізді бәрі кіналап, ұрсып телевизор, фейсбук, инстаграм, ватсапқа дейін шулатып жатыр екен. Миллиондаған жұрт бәрін санасаң. Көшеге шықсам, шешеміздің көшеге жайып қойған қызыл ала кілемін адамдар аяқ киімін шешпей кірлете басып жүр екен. Мен қызыл ала кілемнің басына шықтым да: «Бүкіл әлем қарсы шықса да, мен туғанымды соңғы деміме дейін қолдаймын! Кім не десе де, аяқтан шалса да Құдайдың оған берген духы мен мінезін тартып аласыздар ма? Қолдарыңнан басқа не келеді? Қазақтың басқа мәселесін шешу ма? Жо-о-о-оқ… Ары қарай ашып дым айтпай-ақ қояйын!Мықты болсаңдар! Тілімді қышытпай отырыңдар» деп айхай салдым. Ызам келіп өзімді баса алмай әрең тұрмын. ол сөзді қалай айттым, тілім тіпті қыши түсті…  Менің айхайымнан соң адамдардың бәрі қағаз сурет болып қатып тұрып қалды да, төбеме су құйылғандай мұздап қарап тұрып қалдым.
Үйде өстіп әңгіме айтып отырғанда терезеге шарт етіп ұрылған бір әппақ құс саңғып кетті. Қарындасы жүгіріп терезе ашып қараса «шегіп алған халық па, ағаң ба?» деген айхайлар естіле бастады. Бұл дауыстарды отырғандардың бәрі анық естіді.
– Түсімізді елдің бәрі біліп алған. Көшедегілер бір түрлі қарайды.
Америкадан үлкен қарындасы Фариза хабарласты, күйеу баласы Дархан да сәлем жолдап жатыр. Оның телефоны жабыла бере, Төреғалидың әйелі
– Мен де түс көрдім. Барша әлеммен екеуміз атысқалы жатыр екенбіз. «Бүкіл әлем жарыма қарсы шығып соғыс ашса, артында тұрып оғын алып беремін» деп жатыр екенмін дегенде, терезенің ары жағынан екінші шуыл көтерілді. Бұлар жапырлап келіп төмен қараса 30 мың, 40 мың барма екен, бұқара лық толып жиналып алыпты. Көліктер жүре алмай қалған.
– Бүкіл әлеммен екеуің соғысасыңдар ма? Сенде шеккенсің-ау, -деп екі баласын қолтығына қысқан еркек айхай салды.
– Артында тұрып оғын алып бергенше, тура жолға түсіргенін абзал, елге зияны тигенде не болар еді, -деп жайнамазын құшақтаған әппақ көйлекті әйел сөзін салмақпен бітірді.
– Артында оғын алып беріп тұрам дегенше, Алладан амандығы мен әлемнен кешірім сұраймын дегенің дұрыстау, – деді көзілдірік киіп, шашын түйіп, машинасының есігін ашып, сыртқа қарай аяғын салбыратып отырған әйел.
Әйелімен қатар қарап тұрған, көгілдір галстукты, ақ жейделі бойшаң кісі  линзасын қозғап қойып:
– Оғын емес, дәрісін алып бер, -дегенде бұлар шыдамай терезені жаба қойды да, ішкі бөлмелерге қарай қаша бастады. Қашып бара жатып қатар орнатылған екі терезеге қараса екеуі де қалың нәсихат, ызалы сөздерден бояу шашқандай қып-қызыл болып қызарып кетіпті.

ҚЫРҒЫН КҮЛКІ АДАМЫ
(Ювеналды памфлет)



Ұйқысын аша алмай жатқан депутатты әйелі жұлқылауда.
– Кешігесің, тұр енді. Жұмысыңа барып ұйықтайсың.
Депутат жұмысқа барып ұйықтай беруге болатынын есіне келтіріп көзін жыпылықтатып жатты да, қонжиып барып көтеріліп отырды. Телефонын ашып еді «туған күн бе, туылған күн бе?» деген талас-тартысқа толы мақаланы сайттан көріп қалды да, сол сұрақ ұйқысын келтіріп, санасын бітеп құлап түсті. Қайта оянып парламенттегі біреуге неге кешіккенін айтып ескертіп қоймақ болып төсектің оң жақ басындағы тартпаны ашып еді, көнесі, жаңасы бар үш телефон ағараңдап жатты. Біреуін таңдап алып қоңырау шалып еді. «Телефоныңыздың бірлігі жоқ» деген сөз естіліп етбеттеп алып апыл-ғұпыл каспий платежи ашып бірлік салды. Бір кезде барып жаңа киген көзілдірігін шешіп, жанып-сөнген телефон бетіне манарып қарап тұрып қалып:
– 10 жыл бойы бірлік салмаған тастадым деген сим картам мынау. Ха-ха-ха… Сим картам байғұс жатқан орнынан бір аунап түскен шығар!…
Сол кезде жаңа телефонына байыппен жазылған үкімет хаты келіп түсті:
– Сіз Жосалыға іс тексеруге баратын 8 өкілдің қатарына қосылдыңыз. Түстен кейін сағат 14:00-те ұшақ көтеріледі. Билеттеріңіз рәсімделуі үшін құжат көшірмесін көрсетілген почтаға жіберсеңіз.
Бұлар Байқоңырға қоңып, жеңіл көлікпен Жосалыға жеткеде қауқылдап қарсы алып жүгіріп жүрген баспа сөз хатшысы:
– Жосалы бойынша ең алғаш болып фейсбук ашқан менмін. Сондықтан, мені баспа сөз хатшысы қылып жіберді, -деп мәз болды. Депутаттар күлейін деді, ыржиып барып салауат сақтау керегі естеріне түсіп мамырлап тоқтай қалды. Бұл депутаттың ең басты адам екенін байқап қойған хатшы мұның қасына келіп кимелеп:
– Алматы күндері, Атырау күндері деп Астанада өтіп жатады ғой. Сол секілді Астанада Жосалы күндерін жасасаңыз. Себебі, біздің әкім Астананы қатты көргісі кеп…
Әкімдіктің ішінен жасалған музей қабырғасына келгенде таяғын ұстап дайын тұрған әйел самбырлай кетті:
– Асанқайғы атамыз Жерұйық іздеп жүріп біздің қасиетті Жосалыға келгенде, -дей бергенде депутат осы бір жаттанды сөзді жақтырмай:
– Жерұйықты неге сонша іздеген? Нақтылы адресі бойынша бара салмай, -дер сылып еткізді.
Енді көне бір қылыштың тұсына келгенде, таныстырушы әйел:
– Бабаларымыздан қалған құнды мұра. Қанға малынбай соғылған күйі сақталып бүгінге жеткен, бірде-бір жоңғарды өлтірмеген, ары таза қылыш, -дегенде, депутаттың арт жағында өкшесін көтеріп, мойынын созып кимелеп қарап тұрған жас өкіл:
– Қылыш сонда «арым таза» деп тұрма дегенде депутат жақтырмай қарасада, қалған өкілдер ду күлді. Ас-тағам мәдениеті қабырғасын келгенде алдынан шыға келген әйел депутаттың жас күнінде жүрген көп қыздарының бірі екен. Ауызына басқа сөз түспей қалып:
– Қазір кіммен жүріп жатсың, -деп қалғанда әйел бақырайып ештеңе айта алмай тұрып қалды. Хатшы жүгіріп жетіп келіп:
– Бұл кісі Қаракөз ханым, ұлттық тағам пісірудің шебері, – деп үстел шетіндегі шашыраған тарыны алақанының қырымен қаққылап жинай бастады. Тамақ көрмесінің орта тұсындағы апай ойыншық жыланың басын тәрелкеге сүйеп қойып:
– Қазақ міне үйге жылан кірсе алдына ақ құйып былай шығарған, -деп сүт тамыза бастағанда, терлеп, мазасыздана бастаған депутат маңдай терін бір сыпырып жіберіп:
– Жыланға құйғаныңызды сауған сиырыңыз көрсе, бүйтіп жыланға беретініңді білгенде бұзауыма емізе салатын едім ғой демей ме, -деп шеңк-шеңк етіп күлді. Әйел депутатқа ештеңе дей алмай ыңғайсызданып томсарып қалды.
Бұл кісілердің біріне балмұздақ оратып алып, ысыққа шыдамай еріп бәтіңкесінің ұшына тама бастаған балмұздақты көтеріп:
– Балмұздақ «күннің ыстығ-ғ-ғы ай деп еріп кетіп жатыр, -деп көмекшісіне бір көзін жыпситып күліп алды. Көмекшісі көзін сығырайтып, күлімдеп қойды. Баттасқан бояулармен табиғатты, талдарды сызған, орташа суреттерін көгерген бірнеше оқушы тұр.
– Міне, депутат мырза, ауданымыздың балалары да өнерлі, талапты.
Депутат картинадағы өзен жағалауындағы қолтырауынның оң жақ аяғынан ұстап тұрған бейнеге сұқтана қарап:
– Қолтырауынды батпаққа батып кеткен жерінен сүйеп шығарып алып жатсыңба, -дегенде бала тақ ете түсті:
– Ол онсызда батпақта, шалшықта жасамай ма? Мұнда ауланған өлі қолтыырауын, -деді.
Енді бұлар аяңдап, арызын, ұсынысын айтуға жиналған, қақпа алдында күтіп тұрған бұқараға қарай жүрді.
Бұрыштан бұрыла бергенде шашы ұйпа-тұйпа шал бірінші көзге түсті. Шалға сұқсия қараған депутаттың көзін байқап қойған хатшы:
– Ипотекаға үй алған кісі ғой. Шашы содан ұйпа-тұйпа болып кетіпті, -деп айтуы айтып алсада, депутат қыжырая қалама дегендей «деп естідім» деген сөзді жұмсақ айтып ақырластырды.
– Өзің қайдан боласың, ей, бауырым?
– Кірпіні білесіз ғой.
-Иә.
– Бұл жердегілер кірпіні кірпі деп айтса, мен кірпіні кірпікшешен, кірпікшешем деп толық айтатын жерден келгем, -дегенде депутаттүсінгенсіп құр езу тартты да,кірпкіден кейін жалғанып тұрған сөзді ойлап жетіп, бірер секундтан кейін кешігіп күлді.
Шашы ұйпа-тұйпа, қырған сақалы ағарып қайта тебіндеген шалдың қолына ұстап алған телефоны бір қарағанда он жыл бұрынғы айфон 5 деген түріне ұқсап кетті де, депутат:
– Бір жақсысы, айфон он төртісі шықты, -деді ауылға жаңалық жеткізгісі келіп, технология жаңалықтарынан хабардар екенін білдіріп.
Қарт түсініңкіремей:
– Жақсы болған екен. Аман-есен шықса болды, қашан сотталған адам еді, -дегенде депутаттың тілі тамағына тығылып сөйлей алмай қалды.

Жездесін көруге асыққан балдызы жеңіл көлікпен енді жеткен еді. Депутат жездесінің Қызылордаға бұрылмасын біліп өзіне жеке айтатын өтініші болған соң алып-ұшып жеткені осы.
– Па, па, па, мынаны қараңдаршы, ха-ха-хах-ха!..
Бүктетіліп күліп келе жатқан қарсы алдындағы балдызы жақындағанда:
-Төп-төртбұрыш, көкпеңбек көзілдірігіне қараңдаршы, екі телевизорды өшіріп көзіне киіп алғандай.
– Үй-й, сендердің мына Қызылордаларыңда бір орында тұруға болмайды. Топырағының құнарлылығы соншама, жерінің қыста да жып-жылы болып тұратыны бар. Сондықтан, Қызылордада бір орында тұрсаң тамырланып, ағаш болып көктеп кетесің. Бір орында тұрмай жүріп жүру керек. Астанаға, Алматыға жұмыс істеп, базар ашып дегендей…
– Па-ха-ха-ха-хах…
– Мойыныңда салбырап тұрған күлгін ала мойыншағыңа қарасам, оқушыныкіндей ғой. Бұл енді сөзсіз тегін келген галстук қой, -деп иықтаған қағып сақылдап күліп, -той-томалақта иығыңа аса салған, -деп бітірді сөзін.

Амандасудан соң, балдызы оның төртбұтыш қызыл көзді жүзігіне телміріп, жездесі ол телмірген сайын саусақтарының ұшын пианиноша былқылдатып басып тұрды да, балдызы шашын сілкіп жалт қарап іргеде тұрған қазақи жүзіктің қатырылған үлкен мүсінін көрді. Қызылордада мұндай қатырылған жүзіктер толып тұрады.
– Көшедегі үлкен жүзікті тағып алшы, Алтынай, -деп иығынан түсіп бара жатқан шарфысын ұстаған күйі жапырласа күліп, – әуелі шарфыңды мойыныңа салып ал, мұнда сыйлық, мынау – сенікі. Көрдіңбе, -деп қатырма жүзікті нұсқап кеңкілдеп әрең тоқтап. Сол кезде тістерінің ішінен жалғыз алтын тісі көрініп шыға келді.
– Депутат мырза, хатшы, тамақ пісіп қалды деп жатыр ватсапта жазып, -деді ұйымдастырушылапдың бірі, – Тезірек үйге кірейік.
– Иә, кірейік, -деп шашын желп еткізді депутат.
– Мә-ә, палаудың үстіне салғандарың не дөңкитіп?
– Желке, -деді балдызы бәрінен бұрын  тіл қатып.

– Желке?
Тағы да шашын желп еткізіп балдызына қарады.
– Күйеу балаға желке тартатын жосын.
– А-а, – Таңдана шашының ұшын селкілдетіп, -сондай да жосын барма бізде?
– Мә-ә, мына балдызым өзінің желкесін бере салған екен. Қарашы, шәй құюшы келін, балдызымда желке жоқ, иегі төсіне тиіп тұрады. Бітеу мойын.
Шәй құйып отырған келіншек екі-үш саусағымен ернін көлегейлеп сыңқылдай күлді.
– Қызылорда, пах, пах! Сендердің күріштеріңді-ай! Қа-а-а, Қасықты жақындатсаң күріші таңдайыңа өзі секіреді, -деп шашын желпілдетіп балдызының төңірегіндегілерді тағы бір ду күлдірді.

ҚАРҒА, ҚАРҒА, ҚАРҒАЛАР
(Горатикалық памфлет)



– Баршаңа қайырлы таң!
Бізде Англияда 05:30, таңғы. Жұмыс күні. Қысқасы, менің жұмысым – мына-а-ау үлкен атыс. Мына жақта білмеймін нелер өсіп, нелер шығатынын. Менің жұмысым мынандаймен қарғаларды қуу, хуак, уәух деп. Тағы, бишік бар, жалаулы бишік, соларды лақтыр-ы-ып жүрем. 12 сағат, сағатына 6 мың теңге. 12 сағатта 72 мың бір күнге. Менің міне жүрісім сол. Қарғаларды тықсырып қуып жүрмін. Күлкілі. Бірақ… Мына үлкен атызда бір өзім. Хех-хе… Қарғаларды аулаймын. Хе-х-хех-хе… Домалатам қазір, әне-е жерде біреуін, анау жүрген біреуін.
Видеодағы ара балының ұясындай сап-сары далаға кірпіктерін қағып-қағып қойып Жанат әпке редакциядағыларға:
– Әлқиса, тиктоктан бір видео көрдім. Қазақ жігіті Англиядағы егістікке жұмысқа тұрған. Қарға қуады екен. “Үлкен атыз. Бар жұмысым қарға қуу. Күніне табатыным біздің ақшамен 72 мың теңге” дейді.
– Күніне 72 мың берсе, мен ол егіске шыбын да қондырмаймын ғой!
– Ха-ха-ха!…
Әлқиса телефонның бетіне үңілді де, қарға қуушы жігіттің видесының бетіне ауызын апарып:
– Қойсаңшы, ей, бауырым, көлеңкеге отыр да, шапқыламай дронмен қу, -деп ақыл айтып жатыр.
Енді атызда қарға қуалап жүрген жігіт үйімен сөйлесіп жатыр. Ағасы екен трупканың ары жағында:
– Қарғаларға рахмет Қазаққа жұмыс тауып беріп жатқан.
– Ха-ха-хех… Келмейсіз бе?
– Мына біздің Катон-Қарағайда күніне 72 мың берсе аю қуатын ем.
– Келсеңізші онда тез.
– Хех-хе-е-е… 72 мыңыңның күнне 15 мыңын маған беріп отыр. Сен көлеңкеде үш сағат демалып отырасың. Э-э, Күләш маған тұрмысқа шығуға мақұл болмай жүр. Барам ғой інім, -деді желпініп, -орын дайындап қой.
– Жетеді ғой сізге орын деген. Мына атыздан қырық үйшік салып аласыз. Кезекпен қонып.
Қарға қуушы жігіттің шешесі Дина дүкенінен қайтып келе жатқан.
– Балаң қайда?
– Англияда қарға қуып жүр.
– Қайтып келіп Алматы, Астана жақтан үй алса қарға қуып алғамбыз деп айтасыңдар ғой, ке-ке-хе…
Жігіттің анасы марсиып қосыла күлді.
– Айтпақшы, Нәзи, қарғаны ағылшынша қуу керек пе екен?
– Иә, ол жақтың қарғалары Қазақша түсінбейді ғой!…
– Біздікілер шешеңнен бастайын деп тұр ғой Қазақша қуса.
– Онда қарға ренжіп қашпай қойса айлығынан құр қалады деші!…
– Қазақша «қаш, қаш!» десінші…
Кемпір тұз жиналған тізесімен қисаңдап, дүкеннен көтерген заттарын жерге қойды да, белін жазып алып:
– Қазақтың билігі халыққа жұмыс тауып бере алмай жатқанда ағылшынның қарғаларына мың да бір рахмет қазаққа жұмыс тауып беріп отырған.
Жолығып қалған сырласы оның гүлді көк көйлегіне қонған шаңды қағып беріп жағдайын жасап жатып:
– Мә-ә, енді қазақтар Англияда қарға қуып, ақша тауып. Күлкім де келіп, хы-хых, менің де белім… БІр жағынан жылағым да келді! Үкімет кінәлі бәрін. Мына тұрған Шыңғыстайда – ауылда менің екінші ұлымның 1 айлық жалақысы 60 мың. Қазақстан!
Шерлі көршінің әйелі үйге кіргенде үлкен ұлы мұны естіп сгущонкаға малып жеп отырған нанын сары майдың бетіне қадай салып:
– Пит, 72 мың берсе, жеке-жеке ұстап түсіндірем қарғаға «қайтып келсең өлесің!» деп.
– Біздің Қазақыстан 72 мың берсе қарғаны жеке-жеке жеп қоятын шығармыз.
Анасы күбіге айран құйып жатып осыны айтып, баласына қарап марсия күлді.
– Атыздың арғы басына жеткенше, мына басын қарғалар жеп кетпей ма екен?
Үстелді шынтағы дірілдетіп, тырқылдай күлді.
– Қарғаны ұстап алсаң сыйлық төлейтін сияқты…
– Күніне 72 мың берсе, динозавр қуамын ғой, мама.
– Жігердің анасына хабарласып, ебін тауып барсаңшы.
– Біздің ана ауылда, Шыңғыстайда қарға көп. Қарғаларыммен барсам жұмысқа алама?
– А-ха-ка-ка… Жігерден сұра. Мені де айт, сен де қуайыншы!
– Қарғалар кейде күлетін шығар?!..
– Неге?
– Сіз екеміз қуалап жүрсек сол жақта. Бірақ сізге болмайды. Қарғаның да рызығысы барда қумай-ақ кой, жей берсін дейтін шығарсыз бір шетте төсенішіңізді салып отырып ап.
– Қарға болып барғым келыпкетты ғой, балаларымның мұнда қиналғанын көріп. Сендерге қарға боп жұмыс тауып беріп жүрсем.
– Не болсада ол жақтың қарғалары бай екен, ақсүйек екен. Жігердей жұмысшылары бар.
– Күн ыстықта күйіп кетесің ғой, бірақ, қарғам!

Жаңалықтармен бөлісу