Көк тудың желбірегені…

Көк тудың желбірегені…

Саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының кепілі. Өзіне жоғары мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбек ете білген адам ғана жетістіктерге қол жеткізеді. Бұл еңбекпен қатар алға қойған ұмтылыстың және тынымсыз дайындықтың арқасында жүзеге асады. Тәуелсіз еліміз бізге көп мүмкіндіктер беруде, сол себептен бәсекелестіктен қорықпай, тек алға қадам басу керек.

Жалпы, тәуелсіз елімізді әлемге танытуда спортшылар көп еңбек сіңірді. Мен де солардың қатарынан табылып, көк туымызды биік желбіреткім келеді.

Менің жасым 22-де. Каратэ мен әскери қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері атандым. 2016 жылы Ғафу Қайырбеков атындағы №9 орта мектебін бітіріп, колледжде 4 жыл оқыдым. 2020 жылы Қостанай өңірлік университетіне спорт мамандығына грантқа түстім. Бала кезімнен жекпе-жек өнеріне қызығушылығым басым болды. 16 жасымда “КУДО” бөліміне балаларды қабылдау туралы хабарландыруларды көріп, ойланбастан жаттығу бастауға шешім қабылдадым. Сол сәттен бастап түрлі жарыстарға белсенді қатысып келемін. Бір жыл өткеннен кейін балаларды жаттықтыра бастадым. Бүгінде Қостанай қаласынан ашқан үш спорт залым бар. Онда тоқсаннан астам оқушыны жаттықтырамын. Бапкерліктің төрт жылында Қазақстанның чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиеледім. Алда, 4 қаңтарда Түркия елінің Анталья қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындалып жүрмін. Чемпионатта ашихара каратэ-кудо спортынан еліміздің намысын қорғайтын боламын. Қазақстанның атын тағы бір шығарып, ел мерейін үстем етсем деймін.

Тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз мығым болсын! Әр азамат елдің өсіп-өркендеуіне адал ұстанымымен үлес қосса, онда әрқайсымыз армандаған күнге жетеріміз анық.

Жәдігер САВЕТОВ,

спорт шебері

Жаңалықтармен бөлісу