Шығыс жылнамасына сәйкес 2024 жылдың иесі – ұлу. Ұлу – даналықтың, күш пен өркендеудің символы. Сонымен қатар, күнтізбе бойынша – кібісе жыл, яғни бірқатар өзгеріске әкелетін күшті, энергияға толы болмақ деп хабарлайды Kazinform.
Украиналық «Экстрасенстер сайысы» шоуы 15-маусымының финалисі, астролог, психология ғылымдарының докторы Юлия Кацманның айтуынша, ұлу жылының бір ерекшелігі — барлық уақытта кібісе жылдармен тура келеді. Төрт жылда бір рет қайталанып келетін басы артық бір күн 2024 жылдың ақпан айының үлесіне тиеді. Осылайша, келесі жыл 366 күннен тұрады.
Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өтеді.
«Алдағы жыл күнтізбе бойынша — кібісе жыл, яғни ол бірқатар өзгеріске әкелетін ерекше күшті, энергияға толы болады. Ешқандай катаклизмдер көріп тұрғаным жоқ. Ұлу жылы қазақстандықтар үшін өте жайлы, берекелі жыл болмақ», — дейді ол.
Жорамалшының сөзінше, 2024 жыл Қытай күнтізбесі бойынша жасыл ағаш айдаһар жылы болады. Бұл жыл шығармашылық, жаңашылдық және жаңа бастамалар үшін қолайлы болмақ.
«Қазақстан үшін жыл табысты, берекелі болады. Көптеген қазақстандық отбасында, туған жерінде бақытқа кенеледі. Кәсіптерін дамытып, мансабында табысқа жетеді. Ұлу жылы өнер адамдарының жолы ерекше болмақ. Айдаһар батыл және жігерлі адамдарды жақсы көреді, біздің елде ондай жандар өте көп. Сондай-ақ 2024 жылы жомарт, ақпейіл және кешірімді болған абзал», — дейді астролог.
Сондай-ақ Юлия Кацман Жаңа жылды қандай түсті киіммен қарсы алу керектігін айтты.
«Қытай күнтізбесі бойынша, жасыл ағаш айдаһар 10 ақпанда кіреді. Оған лайықты түстер: жасыл түс — хакиден бастап замартас түсіне дейін. Сондай-ақ бұларды күміс, алтын және қызыл түспен үйлестіруге болады. Ас мәзіріне келер болсақ, сәттілікке жол ашу үшін сегіз мандарин немесе апельсинді тамақ салынған ыдыстың айналасына қою керек. Дастарханда қылқан ағаштың жапырағы мен су тұруы қажет. Негізі, алуан түрлі ас әзірлеуге болады. Ешқандай шектеу жоқ. Келер жылдың иесі, сатқындық пен өтірікті ұнатпайды. Жаңа жылды барынша көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған дұрыс», — дейді психология ғылымдарының докторы.