Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді, олардың штатында 25 мыңнан астам адам бар, кітап қоры 328 миллион данадан асты.
Кітапхана қызметтерін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Әрине, барлық жетістіктерге кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында қол жеткізілді.
Бұл туралы Кітапханашылар күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
“Әділетті Қазақстан – Адал азамат” ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы: “Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек” деп атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздерге үлкен үміт артып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп отырған кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына ерекше назар аударады. Осыған байланысты біз Президенттің барлық тапсырмаларын орындау бойынша қажетті шараларды қабылдап жатырмыз”, – деді Аида Балаева.
Министр кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға қарай 100%-ға арттыру мақсатында кітапхана қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 25%-ға ұлғайту жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті.