Бүгінде елімізде 11 мың кітапхана бар, онда 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазақ халқының мәдениетіне үлес қосып, оқырмандарға кітап оқуды насихаттауда кітапханашылардың еңбегі зор. Кітапхана қызметкерлерінің еңбектеріне құрмет көрсету мақсатында қалалық “Мирас” мәдениет сарайында алғаш рет Кітапханашылар күні ұйымдастырылды. Аталған іс-шара мәдениет басқармасының бастамасымен өтті. Облыс кітапханашыларының тарихы мен қазіргі үрдісін көрсететін фотокөрме ұсынылды. Адамзаттың ең бай рухани және мәдени мұрасын сақтау, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу бұл мерекенің басты міндеті.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы кітапхана – қоғам мен білімнің дамуында маңызды рөл атқаратын, адамзаттың мәдени мұрасын сақтайтын ерекше орын екенін атап өтті. Елді тарих, әдебиет пен мәдениет саласын таныстырып отыратын кітапханашылардың еңбегі зор екені баршамызға аян.
Облыс әкімнің орынбасарының мәліметінше, кітапхана жұмысын жақсарту үшін 2 млр теңге, соның ішінде жөндеу жұмыстарына 48 млн теңге, материалдық және техникалық жабдықтарға 300 млн теңге, кітаптарды толықтыру үшін 40 млн бөлінді.
“Әбіш Кекілбаевтің “Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана” деген сөзінің жаны бар. Құрметті кітапханашылар мәдени мұраны сақтау мен оны насихаттаудағы еңбектеріңіз, қоғамға қызмет етуге жұмсаған күштеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Сіздерге шығармашылық ізденіс пен табыс тілейміз”, – деді Ринат Мұхаметқали.
Ринат Зәкиұлы кітапханашыларды Қостанай облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапаттады, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық әдеби байқауының жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар, қаржылай сертификаттар мен марапаттаулар тапсырды.
“Кітапханашылардың жұмысы көзге көрінбесе де, ең бағалы қызметті атқарады. Біз жылдар бойы кітапхана жұмысына қызмет еткен ардагеркітапханашыларды шақырдық. Бүгінгі мерекелік кеште марапаттар мен арнайы сыйлықтар ұсынатын боламыз”,–дейді Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Дариға Дүйсебаева.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Бүркітбайұлы кітапханашыларға жарқын болашақ жолында шығармашылық пен атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс білдірді. Құралбек Атамұратовтың сөзінше, Облысымыздың мәдениет саласында 600-ден астам кітапханашы қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда облыс кітапханаларында 12 коверкинг орталық, балаларға 275 және ересектерге арналған 102 бірлестік жұмыс істейді.
“Халық арасында “Жақсы кітап жан азығы” деген қанатты сөз бар. Сіздерге амандық, шалқар шабыт, сарқылмас қуат, жаңа жетістіктер тілеймін”,– дейді Құралбек Атамұратов.
Құралбек Атамұратов кітапханашыларға Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы грамоталарын және ҚР ұлттық кітапхана марапатын ұсынды.
“Кітапхана мәртебелі мамандық. Себебі ұлттың руханияты, оның өрістенуінде алар орны ерекше. Сондықтан да бұл мерекені арнайы бір күнге бекітіп, оны адақтау өте маңызды. Бүгін мен және әріптесім екеуміз арнайы марапатқа ие болдық. Барлығы үшін рахмет. Парасаты мен пайымы, ақылы мен ой-өрісі биік оқырмандарымыз көп болсын”, – дейді Аманкелді аудандық орталық кітапханасының директоры Көркем Мұсабаева.
Салтанатты мерекеге кітапханашы ардагерлер, орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің, облыстық кітапханашылардың, оқу орын басшылары мен кітапханашылары, облыстық мәдениет және өнер ұймдарының басшылары мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері келді. Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Қостанай облысының қоғамдық даму басқармасының, білім басқармасының басшылары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ әлеуметтік серіктестер мен демеушілер қатысты.
Диана БАТЫРБЕК
СУРЕТТЕРДІ ТҮСІРГЕН БАҒДАТ АХМЕТБЕКОВ