Кітапхананың ғажайып түні

Кітапхананың ғажайып түні

Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада “Кітапхана түні” өтті.  Осы жолы оқырмандарға арналып 40-қа жуық бөлім әзірленген.

Кітапхана директоры Дариға Дүйсебаеваның айтуынша, өткізілген іс-шараның мәні мен мағынасы тереңде жатыр.

  — “Кітапхана түні” алғаш рет 2015 жылы қазан айында өткізілді. 2016 жылдан бастап 23 сәуірге қойылды. Себебі аталмыш дата – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні. Бізде сол күн жақындаған да міндетті түрде жұма күні өткіземіз. Көбі жұмыстан шыққаннан кейін кітапханаға келіп, асықпай аралап жүреді. Бұрындары сәрсенбі күні өткізіп едік адам аз болды. Әр жыл сайын түрлі ғылым саласы бойынша сәнделіп, безендіріледі. Осы жылы іргелі ғылымдарға арнадық. 7-ші мәрте өткен іс-шараға Рудный қаласы және Қостанай ауданының кітапхана ұжымдары да келді, — дейді Д. Дүйсебаева.

Іргелі ғылымдарға арналған кітапхана іші ерекше күйге енген. Оқырмандар келіп, кетіп жататын ғимарат мүлде басқа кейіпте.

  — Мен “Parasat” дебат клубының мүшесімін. “Ақ қауырсын” әдеби клубының жетекшісі Ботакөз Әділбекқызы дебат болады дегесін келген едім. Кітапхананың бір-екі жері ғана жылтырап қалғандары жай болатын шығар деп ойлағам. Мен күткеннен басқаша болды. Бәрі ұнап жатыр. Физикалық қозғалыстар, химиялық элементер, жасалып жатқан сынақнамалардың бәрі керемет, — деп таңданыс білдірді 1-ші курс студенті Сұлтан Асхатұлы.

Әр қабаттағы бөлімдерде түрлі іс-шара ұйымдастырылған. Викториналық сұрақ, робототехника, “Сиқырлы ғылым”, “Биологиялық нысаннае ДНК алу”, “Музыкалық сайыс”, “Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт” сынды психологиялық сайыстар да бар.  Келушілерді ынталандыру үшін арнайы сыйлықта әзірленген. Топ яки жеке болып тапсырма орындап сыйлық ұтып алғандар да бар. Қала тұрғындарымен қатар билік өкілдері де көрмені тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиевте отбасымен бірге түнгі кітапхананы тамашалауға келген.

  — Жұмысқа тағайындалғалы бері осы жерге үшінші рет келіп тұрмын. Бұған дейін келгенімде тып-тыныш, әр адам өз жұмысымен жүрген болатын. Қазір бәрі басқаша. Тіпті кітапхана түніне жарнаманың жақсы болғандығы сондай балаларыма бүгін кітапхана түні, соған барамыз десем “Иә, әке, білеміз. Күндіз ойлап едік, бірақ бармайтын шығармыз деп ойладық” дейді. Содан келіншегім екеуміз төрт баламызды ертіп осында келдік. Мен жалпы кітапхана түнінде бірінші рет болып тұрмын. Керемет, ұнады, көңілімізден шықты, — дейді Ринат Зәкиұлы.

Сондай-ақ, кітапхананың астында арнайы екі қабат бар. Оған сол жерде қызмет істейтін кітапханашылар ғана кіре алады. Өткізілген іс-шара да оқырмандар аталған екі қабатқа кіруге мүмкіндік алды. Ол тек кітапхана түнінде ғана ашылып, қалған уақытта жабық тұрады.

Бибіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу