Кітап жәрмеңкесіндегі қызықтар

Кітап жәрмеңкесіндегі қызықтар

А.Байтұрсынұлы көшесіндегі алаңда «Kostanay Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады.

Ахаң ескерткішінің бүйіріндегі аумақта қаз-қатар тізілген шатырларды бірден көресіз. Сол жерде елімізге танымал ең үздік баспалар кітап саудасының көрігін қыздыруда.

Атап айтқанда, Астанадан «Фолиант», Қарағандыдан «Qasymkitap», Қостанайдан «Издательский дом», «А.Байтұрсынұлы кітап үйі» және «Қарлығаш» баспалары. Сөреден мемлекеттік және орыс тілдеріндегі әртүрлі жанрдағы әдеби туындыларды таба аласыз.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Бағасы мерекеге орай жеңілдікпен ұсынылуда.

Кітап көрме-жәрмеңкесінің ресми ашылуына облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов қатысып, сөз сөйледі.

«Қайырлы күн, қала қонақтары мен жиналған қауым! Баршаңызды кітап жәрмеңкесінде көргеніме қуаныштымыз. Бұл жәрмеңке қала күні аясында, ел Президентінің «Оқитын ұлт» қалыптастыру бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылуда. Бүгінгі іс-шара тағылымды кездесулерге толы болсын!», – деді ол.

Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Мадиярова да мінбеге шығып, жылы лебізін білдірді. Іс-шараға жылда қатысып, қолдау білдіріп жүрген белгілі баспаларға қала әкімі Марат Жүндібаевтың Алғыс хаттарын табыстады.

Марапат иелерінің қатарынан табылған «Qasymkitap» баспасының өкілі Құрбанбай Оразалыұлы Қостанай қаласының 147 жылдығы мен облыстың 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Қостанай даласы – қазақтың ұлттық интеллигенциясы шыққан қасиетті мекен. Осындай құнарлы топыраққа табанымыз тиіп, айтулы күні сіздермен қауышып жатырмыз. Адамзаттың тарихында тәрбиенің бастауына айналған басты құрал – кітаппен танысуға баршаңызды шақырамын!», – деді баспа өкілі.

«Фолиант» баспасының маманы Нұрсұлтан Сәбитбек ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

«Осынау ауқымды іс-шарада кітапты насихаттауға бір бұрыш арнап бергендеріңізге рахмет! Біз үшін бұл жоғары құрмет. Кезінде Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық!» деп балаларды оқуға шақырды. Ал біз бүгін «Кел, адамдар, оқылық!» деп сіздер үшін арнайы Астанадан кітаптарымызды алып келдік», – деді ол.

Белгілі ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет жүрекжарды лебізін жыр шумағымен жеткізді. «Фолиант» баспасы биыл ақынның 14 томдық шығармалар жинағын басып шығарды.

«Kostanay Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесін Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасы өткізуде. Көрмені 14-15 тамыз күндері екі күн қатарынан тамашалай аласыз. Жәрмеңке барысында елімізге танымал ақын-жазушылармен кездесулер өтпек. Келушілерді кітаптың тұсаукесерлері, шығармашылық кездесулер, көрмелер және басқа да көптеген қызықты іс-шаралар күтеді.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ